
Маңғыстауда медиация саласындағы жұмыстардың барысы талқыланды
Маңғыстау облысында медиация саласын дамыту және қоғамдық келісімді нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері талқыланған кеңейтілген отырыс өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының консультанты Инара Раһимзаде, облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері мен саяси партиялардың өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Маңғыстау облыстық мәслихатының және Медиация кеңесінің төрағасы Жаңбырбай Матаев медиацияның қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтаудағы маңызына тоқталды.
- Мемлекет басшысы медиация саласындағы жұмыстарға жан-жақты қолдау көрсетіп, «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Соның негізінде өңірлерде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Медиация кеңесінің еліміздегі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтудағы орны ерекше. Биылғы жыл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Конституциялық құндылықтарды дәріптеу, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтар арасындағы өзара түсіністік мәдениетін қалыптастыру бағытында медиация институтының әлеуеті зор. Бұл іске қоғамның барлық белсенді мүшелері өз үлесін қосып келеді, - деді Жаңбырбай Матаев.
Жиын барысында ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының консультанты Инара Раһимзаде Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытындағы бастамаларына тоқталды.
- Мемлекет басшысы қоғамдық келісім мен тұрақтылықты еліміздің басты құндылықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Осы бағытта медиация институты дау-жанжалдардың алдын алуға, азаматтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді арттыруға ықпал ететін тиімді құралға айналды. Маңғыстау облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, қоғамдағы татулық пен бірлікті сақтауға өз үлесін қосып отыр. Алдағы уақытта да бұл жұмыстарды күшейту маңызды, - деді Инара Раһимзаде.
Облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев медиация институтының қоғамдағы маңызына ерекше назар аударып, бұл бағыттағы жұмыстардың өңір үшін өзектілігін атап өтті.
- Елдің игілігі мен халықтың әл-ауқатын арттыру жолында қызмет ету - баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы ретте медиацияның рөлі ерекше. Медиация қоғамдағы түрлі дауларды бейбіт жолмен шешуге, азаматтар арасындағы өзара сенім мен түсіністікті нығайтуға мүмкіндік береді. Маңғыстау облысында бұл бағыттағы жұмыстарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Алдағы уақытта да қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыратын боламыз, - деді Аббат Өрісбаев.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов медиация кеңестерінің қызметі және қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлі туралы айтты.
- Бүгін Маңғыстау өңіріне арнайы келіп, медиация саласында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Халқымызды бірлікке, қоғамдық келісімге шақыру - барлығымыздың ортақ міндетіміз. Еліміздегі ең басты құндылық - біздің бірлігіміз. Осы құндылықты сақтап, одан әрі нығайту үшін тиімді тетіктерді пайдалануымыз қажет. Солардың бірі - медиация. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде медиация кеңестері жұмыс істейді. Бүгінде 20 медиация кеңесі жүйелі қызмет атқаруда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа жобалармен толықтырылады, - деді Шерзод Пулатов.
Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Гүлажар Бақытжанова өңірде медиацияны дамыту және сотқа дейінгі татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдану бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жиын қорытындысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың атынан медиация саласының дамуына үлес қосқан бірқатар Медиация кеңесінің мүшелеріне Алғыс хаттар табысталды.
Отырыста қатысушылар медиация институтын одан әрі дамыту, қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындады.