Ақтауда БАҚ өкілдері арасында Маңғыстау облысы әкімінің кубогы үшін футзалдан турнир өтуде

Ақтауда БАҚ өкілдері арасында Маңғыстау облысы әкімінің кубогы үшін футзалдан турнир өтуде

Ақтауда БАҚ өкілдері арасында Маңғыстау облысы әкімінің кубогы үшін футзалдан турнир өтуде

Ақтауда 28 маусым - Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Маңғыстау облысы әкімінің кубогы үшін футзалдан БАҚ өкілдері арасындағы Батыс өңірлік ашық турнир өтуде, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Дәстүрлі спорттық додаға Атырау облысынан екі команда және Маңғыстау облысынан екі команда қатысып, өзара бақ сынауда. Турнир журналистер қауымының бірлігін нығайтып, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Іс-шараның негізгі мақсаты - бұқаралық ақпарат құралдары саласында еңбек етіп жүрген мамандар арасында достық қарым-қатынасты күшейту, кәсіби байланыстарды кеңейту, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар жарыс журналистердің командалық рухын қалыптастырып, спорт арқылы әріптестік қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, жарыстың маңыздылығына тоқталды.

- Бұл турнир БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында журналистерге мерекелік көңіл күй сыйлап, әріптестер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ақпарат саласының мамандары қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан олардың кәсіби қызметпен қатар спортпен шұғылданып, белсенді өмір салтын ұстануы аса маңызды. Бүгінгі жарыс тартысты әрі әділ өтеді деп сенеміз. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңір журналистерін біріктіретін дәстүрлі алаңға айналады деп жоспарлап отырмыз, - деді Гүлмира Балғожаева.

Сондай-ақ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Мангубаев қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай жарыстардың бұқаралық спортты дамытудағы маңызын атап өтті.

Турнир қорытындысы бойынша үздік командалар мен ерекше ойын өрнегін көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдармен, медальдармен және сыйлықтармен марапатталады.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай бірқатар мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда.