Маңғыстауда аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға арналған «Qamqorlyq» орталығы ашылды

Маңғыстауда аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға арналған «Qamqorlyq» орталығы ашылды

Маңғыстауда аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға арналған «Qamqorlyq» орталығы ашылды

Бүгін, 19 маусым күні Ақтау қаласында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға арналған «Qamqorlyq» №4 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты жиында облыс әкімі жаңа орталықтың ерекше қажеттілігі бар балалардың өмір сапасын жақсартудағы маңызына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы білімге, медициналық және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуін мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ретінде айқындады. Президенттің тапсырмасына сәйкес елімізде ерекше балаларды оңалту және дамытуға арналған орталықтар желісі кеңейіп келеді. Бүгін ашылып отырған бұл орталық – сол жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Мұнда балалардың әлеуетін дамытуға, қоғамға бейімделуіне және сапалы әлеуметтік қызмет алуына барлық жағдай жасалған, – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Жаңа орталық 3 пен 18 жас аралығындағы аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға күндізгі форматта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Ғимарат облыс әкімдігінің қолдауымен жергілікті бюджет қаражаты есебінен қайта жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай жабдықталған.

Орталықтың материалдық-техникалық базасы «Қазақстан халқына» қоры, «Samruk-Kazyna Trust» қоры және «Қамқорлық» корпоративтік қорының қолдауымен жасақталды. Мұнда сенсорлық бөлме, акустикалық кабина, логопед, дефектолог және психолог кабинеттері, ABA-терапия бөлмелері, робототехника және Lego сыныптары, арт-терапия, қыш шеберханасы, тігін және ұстахана кабинеттері жұмыс істейді.

Орталық бір ауысымда 125 балаға дейін кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда балалармен логопедтер, дефектологтар, психологтар және қолданбалы мінез-құлық талдауы (ABA) бойынша мамандар жұмыс істеп, олардың әлеуметтік бейімделуі мен жеке қабілеттерін дамытуға бағытталған қызметтер көрсетеді.

Салтанатты рәсім аясында қонақтар лента қию рәсіміне қатысып, жаңа орталықтың жұмысымен және заманауи жабдықтарымен танысты.

Жаңа нысан өңірдегі ерекше балаларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау мен оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттырып, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі