Нұрдәулет Қилыбай білім саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады

Нұрдәулет Қилыбай білім саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады
Нұрдәулет Қилыбай білім саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады

18 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын табыстау рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес білім беру саласының дамуына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін өңірдің бірқатар ұстаздары мен білім саласының ардагерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Атап айтқанда, Маңғыстау ауданының білім беру саласының ардагері Керелбаева Жанат Мизамбайқызы мен Қарақия ауданы №8 жалпы білім беру мектебінің тарих және құқық пәні мұғалімі Бижанова Балқия Тітірбайқызы «Құрмет» орденімен наградталды.

Сонымен қатар Ақтау қаласындағы Ибаш Жанболатова атындағы №15 мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімі Жұмағұлова Марал Ахатқызы, Маңғыстау ауданы Алшын Меңдалыұлы атындағы жалпы білім беру мектебінің математика пәні мұғалімі Қуанбаева Несіпгүл Аралбайқызы және Ақтау қаласындағы №20 Мұхтар Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мұсабаева Шархат Балықбайқызы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Салтанатты жиында өңір басшысы марапат иелерін құттықтап, олардың ел болашағын тәрбиелеудегі еңбегі мен білім беру саласын дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

– Ұстаз – қоғамның ең қадірлі мамандықтарының бірі. Сіздердің табанды еңбектеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіз жас ұрпақтың сапалы білім алып, елдің дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасуына негіз қалайды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған бұл марапат – көп жылғы еңбектеріңізге берілген лайықты баға. Баршаңызды жоғары наградаларыңызбен құттықтаймын, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі