Маңғыстауда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері қаралды

Маңғыстауда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері қаралды

Маңғыстауда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері қаралды

11 маусым күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Маңғыстау облысы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның II тоқсан отырысы өтті.

Жиында Маңғыстау облысының жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері және №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытын іске асыру бойынша атқарылған жұмыстар қаралды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Маршакұлы жер қатынастары саласында жүргізілген мониторинг қорытындыларын таныстырып, мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту, жер учаскелерін беру кезіндегі рәсімдердің сақталмауы және ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты бірқатар тәуекелдер анықталғанын айтты.

Ал облыс әкімдігі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Ақылбек Закариннің мәліметінше өткен жылы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 35 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оның 7-еуі жойылған. Ал 2026 жылы бұл бағыттағы жұмыстар 24 жоба шеңберінде жалғасуда.

Отырыс барысында Нұрдәулет Қилыбай сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары тұрақты әрі жүйелі жүргізілуге тиіс. Әрбір мемлекеттік орган заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар қатаң бақылауда болады, – деді облыс әкімі.

Жиын қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға берілген ұсынымдардың орындалуын қамтамасыз ету, заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша бақылауды күшейту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған жұмыстарды жалғастыру тапсырылды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі