Ақтауда BALA&AI 2026 халықаралық психологтер форумы өтуде

Ақтауда BALA&AI 2026 халықаралық психологтер форумы өтуде
Ақтауда BALA&AI 2026 халықаралық психологтер форумы өтуде

Ақтау қаласында «BALA&AI 2026: Цифрлық дәуірде бала санасын қорғау» тақырыбындағы халықаралық психологтер форумы өтуде. Ауқымды іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен және шетелдерден келген 300-ден астам психолог, психологиялық қолдау орталықтарының басшылары мен сарапшылар қатысуда, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Форумның негізгі мақсаты - цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің бала психологиясына ықпалын талқылау, балалардың психологиялық әл-ауқатын қорғауға бағытталған халықаралық тәжірибелермен алмасу және заманауи психологиялық қызметтердің сапасын арттыру мәселелерін қарастыру.

Іс-шараның ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысып, форум жұмысына сәттілік тіледі.

- Бүгінде цифрлық технологиялар адам өмірінің барлық саласына дендеп енуде. Әсіресе балалардың ақпараттық кеңістіктегі белсенділігі артып келеді. Сондықтан олардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, цифрлық мәдениетін қалыптастыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану - қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Бүгінгі форум осы бағыттағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналады деп сенемін, - деді Аббат Өрісбаев.

Форум екі бөлімнен - пленарлық сессия мен дөңгелек үстелден тұрады. Бағдарлама аясында цифрлық ортадағы баланың қауіпсіздігі, жасанды интеллектіні білім беру мен психологиялық қолдау саласында тиімді пайдалану, сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасу мәселелері кеңінен талқылануда.

Сонымен қатар форум аясында «AI & Child Safety» демо-аймағы көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған инновациялық шешімдер мен технологиялар таныстырылуда.

Пленарлық отырыста бірқатар отандық және шетелдік сарапшылар баяндама жасады. Атап айтқанда, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты диагностика зертханасының жетекшісі Бақыттыгүл Ахметжанова білім беру ұйымдарында жасанды интеллект негізіндегі диагностикалау құралдарын қолданудың маңыздылығына тоқталды. Ол оқушылардың психоэмоциялық жағдайын ерте анықтау арқылы оларға дер кезінде қолдау көрсету мүмкіндіктері туралы айтты.

Сондай-ақ Ресей Федерациясындағы Оңтүстік федералды университетінің оқытушысы Мария Гурьева жасанды интеллект дәуіріндегі балалық шақтың ерекшеліктеріне тоқталып, цифрлық технологиялардың балалардың танымдық дамуы мен әлеуметтік қарым-қатынасына ықпалы жөнінде пікір білдірді.

Ал Әзербайжан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің психологі, майор Дильбер Алиханова төтенше жағдайлардан кейінгі балалардың психологиялық ахуалын қалпына келтіру жолдарын талқылады. Сарапшы балалардағы қорқыныш пен үрей сезімін төмендету, қауіпсіздік сезімін қалыптастыру бағытындағы тәжірибелермен бөлісті.

Сонымен қатар, психотерапия сарапшысы, гештальт психолог Лейла Мирас балалардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өмірлік құндылықтар мен тұлғалық мағыналардың рөліне назар аударды. Оның айтуынша, технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында баланың ішкі тұрақтылығын сақтау ерекше маңызға ие.

Ағылшын тілі оқытушысы Бенжамин Огбонна білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың халықаралық тәжірибесіне тоқталып, Нигериядағы оқыту үдерісіне енгізілген инновациялық шешімдер туралы баяндады.

Форум барысында кәсіби психолог Ержан Мырзабай «Заманауи қауіптердің заманауи шешімдері: жасанды интеллект арқылы қауіптерді ерте анықтау» тақырыбында баяндама жасап, цифрлық дәуірдегі психологиялық қолдаудың жаңа мүмкіндіктеріне тоқталды.

- Президентіміз биылғы жылды цифрландыру жылы деп атаған болатын. Жасанды интеллект қарқынды түрде барлық салаға еніп келеді. Бұл балаларға да, ата-аналарға да, жалпы қоғамның психологиялық ахуалына әсер етуде. Осындай жағдайда психолог мамандар заманауи технологиялармен жұмыс істеуге қаншалықты дайын, жасанды интеллект арқылы балаларға қалай көмек көрсете аламыз, цифрлық дәуірде менталды денсаулықты қалай сақтаймыз деген сұрақтар өзекті болып отыр.
 
Осы мәселелерді талқылау үшін халықаралық сарапшылар мен мамандар бас қосып, өз зерттеулерімен бөлісуде, - деді Ержан Мырзабай.

Іс-шара аясында қатысушылар психологиялық тестілеуден өтіп, тәжірибелік алаңдар жұмысына қатысты.

Форум жұмысы дөңгелек үстел форматындағы талқылаулармен жалғасуда.