
Ақтаулық «Каспий» баскетбол клубы ел чемпионы атанды
Ақтауда баскетболдан ерлер арасындағы Қазақстан Республикасы XXXIV Ұлттық лига чемпионатының жеңімпазы атанған «Каспий» командасын жанкүйерлер ерекше ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Өткен жылы қазанда бастау алған ҚР XXXIV чемпионаты биыл 31 мамырда өз мәресіне жетті. Чемпионаттың тұрақты кезеңі сәуір айында аяқталып, 32 ойынның қорытындысы бойынша «Каспий» командасы турнирлік кестеде 2 орынға тұрақтап, плей-офф кезеңінің жартылай финалына жолдама алды.
Жартылай финалдық серияда ақтаулық команда Алматы қаласының «Алматинский легион» клубымен төрт кездесу өткізіп, серияны 3:1 есебімен өз пайдасына шешті. Осылайша «Каспий» чемпионаттың финалына шықты.
Финалда команда Астана қаласының «Астана» клубымен кездесті. Алғашқы екі ойын 23-24 мамыр күндері Астанада өтіп, «Каспий» қарсыласын екі мәрте жеңіп, серияда 2:0 есебімен алға шықты.
Келесі кездесулер 27-28 мамыр күндері Ақтаудағы «Халық Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Алайда өз алаңындағы кездесулерде ақтаулықтар астаналық командаға есе жіберіп, серия есебі 2:2-ге теңесті.
Соңғы ойын 31 мамыр күні Астана қаласында өтті. Шешуші кездесуде «Каспий» жеңіске жетіп, финалдық серияны 3:2 есебімен аяқтады. Нәтижесінде ақтаулық команда өз тарихында Қазақстан Республикасының Ұлттық лига чемпионы атанды.
Чемпиондық атақпен елге оралған команданы Ақтау халықаралық әуежайында жанкүйерлер, баскетбол сүйер қауым және клуб спортшылары зор қошеметпен қарсы алды.