
Маңғыстау облысының әкімі халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жеңімпаздарымен кездесті
Бүгін, 1 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай халықаралық пән олимпиадаларының, ғылыми жоба конкурстары мен робототехника чемпионаттарының жеңімпаздарымен кездесті.
Кездесу барысында өңір басшысы дарынды жастарды жетістіктерімен құттықтап, олардың табыстары облыстағы білім беру сапасының нақты көрсеткіші екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сапасы табысты ұлт қалыптастырудың басты шарттарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Бүгінгі жетістіктеріңіз – еңбектің, табандылықтың және білімге деген ұмтылыстың нәтижесі. Сіздер өңіріміздің ғана емес, еліміздің де мақтанышысыздар. Алдағы уақытта да ғылым мен білім жолында жаңа белестерді бағындырып, Қазақстанның дамуына өз үлестеріңізді қосады деп сенемін. Білімді болыңыздар, өздеріңізге сеніңіздер, әрдайым еңбектенуден жалықпаңыздар. Себебі үлкен жетістіктерге апарар жол үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбек арқылы қалыптасады, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Оқушылар облыс әкіміне мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік, жетістікке жетудегі тәртіп пен таланттың рөлі, өмірдегі маңызды шешімдер, қазіргі жастардың ерекшеліктері және жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктері туралы сауалдарын қойды.
Сондай-ақ дарынды жастар өз жетістіктері мен алдағы мақсаттары жөнінде айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Аймақ басшысы әрбір қатысушының пікірін мұқият тыңдап, ақыл-кеңесін бөлісті.
Кездесу соңында оқушылар атынан сөз сөйлеген дарынды жастар өңірде білім мен ғылым саласына көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыстарын білдірді.
Шара барысында халықаралық және республикалық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізген оқушыларға облыс әкімінің атынан ақшалай сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында Маңғыстау облысының оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалар мен байқауларда жалпы саны 270 медаль жеңіп алды. Олардың қатарында математика, информатика, биология пәндері бойынша халықаралық олимпиадалар, ғылыми жобалар конкурстары, сондай-ақ робототехникадан халықаралық чемпионаттар бар.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі