Ақтауда Ұлттық ұлан әскери бөлімдеріне жаңа әскери техникалар табысталды
Бүгін, 29 мамыр күні Ақтау қаласында ҚР Ұлттық ұланының 6656 әскери бөлімінің ұйымдастыруымен әскери даярлық бағдарламасынан өткен жас жүргізушілерге «Лизинг» бағдарламасы аясында берілген Hyundai Tucson автокөліктерінің кілтін табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Салтанатты іс-шара барысында Ақтау қаласындағы 6656 және 3502 әскери бөлімдеріне жалпы саны 30 жаңа әскери техника тапсырылды. Аталған техникалар қоғамдық тәртіпті күзету, қылмыспен күрес, күнделікті жауынгерлік қызмет атқару және бұқаралық іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылатын болады.
Жаңа заманауи техникаларды табыстау рәсімі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 6656 әскери бөлім командирі Болатбек Мұхамбетқалиев сөз сөйлеп, әскери бөлімдерді кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
- Бүгінде еліміздің барлық Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінде материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта әскери бөлімдер жаңа автокөліктермен және әскери техникалармен қамтамасыз етілуде. Бұл қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жауынгерлік қызметтің тиімділігін арттыру бағытындағы маңызды қадам. Мемлекет пен Ұлттық ұлан басшылығы тарапынан өңірлер мен әскери құрылымдарға көрсетіліп отырған қолдау айрықша. Заманауи техникамен, қару-жарақпен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету әскери қызмет сапасын арттырып, ел қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді, - деді Болатбек Мұхамбетқалиев.
Сонымен қатар, жиында ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Ерлан Нұрсейітов сөз сөйлеп, жаңа техникалардың әскери қызмет тиімділігін арттырудағы маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты іс-шарада 6656 әскери бөлімінің ардагері Вячеслав Нечаев пен бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұржан Ибраев та құттықтау сөз сөйледі.
Жаңа техникалар жеке құраммен бірге күнделікті жауынгерлік қызметте пайдаланылатын болады.
