
Кореялық клиника өкілдері Маңғыстаудың медициналық әлеуетімен танысты Бүгін, 21 мамыр күні, Корея Республикасындағы Католиктік Квандон университетінің Халықаралық Әулие Мария медициналық орталығының президенті Го Дон Хён Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді. Шетелдік делегация өңірдегі бірқатар медициналық мекемелердің қызметімен танысып, денсаулық сақтау саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Халықаралық Әулие Мария медициналық орталығы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында орналасқан. Бүгінде клиника халықаралық әріптестікті дамытуға және медициналық өзара ықпалдастықты кеңейтуге басымдық беріп отыр. Жұмыс сапары аясында делегация алдымен облыстық балалар ауруханасы жанынан ашылған «Қамқорлық» оңалту орталығында болды. Аталған орталық 2022 жылы пайдалануға берілген. 37 орынға арналған мекемеде неврологиялық, нейрохирургиялық, ортопедиялық, травматологиялық, кардиологиялық және кардиохирургиялық бағыттар бойынша балалар ем қабылдайды. Мұнда электротерапия, механотерапия, баллон терапиясы және тұзды шахта секілді емдік кабинеттер жұмыс істейді. Сонымен қатар орталық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Орталық жұмысымен танысқан Го Дон Хён мекеменің материалдық-техникалық базасы мен мамандардың кәсіби деңгейінің жоғары екендігін атап өтті. - Біз бүгін балаларды оңалту орталығында болдық. Шынымды айтсам, орталық менің күткенімнен де асып түсті. Мұнда заманауи құрал-жабдықтармен қатар, түрлі диагнозы бар балаларды кешенді емдеуге мүмкіндік беретін білікті медициналық мамандар жұмыс істейді, - деді ол. Сапар барысында шетелдік делегация өкілдері орталық дәрігерлерімен кездесіп, халықаралық ынтымақтастықтың алдағы бағыттарын талқылады. Го Дон Хённің айтуынша, қазіргі таңда клиника түрлі елдердің денсаулық сақтау жүйесімен танысып, медициналық әріптестікті нығайту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. - Алдағы уақытта медицина саласындағы өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын талқылауды жоспарлап отырмыз. Ең алдымен, жергілікті тұрғындарға онлайн-консультация және екінші медициналық қорытынды алу қызметтерін ұсына аламыз. Сондай-ақ дәрігерлер мен медициналық персоналдың біздің клиникада тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік қарастырылады. Бұдан бөлек, бірлескен ғылыми-медициналық зерттеулер жүргізуге қызығушылық танытып отырмыз, - деді Го Дон Хён. Ол сондай-ақ соңғы уақытта Маңғыстау өңірінің туристік әлеуеті артып келе жатқанын атап өтіп, медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытында да қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Бұдан кейін делегация Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының жұмысымен танысты. Қонақтар жаңа ангиохирургия бөлімінде және хирургиялық блокта болды. Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы заманауи медициналық технологиялармен жабдықталып, халық денсаулығын нығайту бағытында кешенді қызмет көрсетіп келеді. Ауруханада дәрігерге дейінгі медициналық көмек, мамандандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту, амбулаториялық, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек түрлері ұсынылады. Айта кетейік, Кореядан келген делегация құрамында білікті невролог дәрігер де бар. Қазіргі таңда шетелдік маман облыстық көпбейінді аурухана дәрігерлерімен бірлесіп, науқастарды қарап, тәжірибе алмасуда. Сапар аясында Маңғыстау облысы әкімдігі мен Оңтүстік Кореяның медициналық ұйымы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланған. Құжат аясында жергілікті дәрігерлер Оңтүстік Кореяда тәжірибеден өтіп, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін меңгеруге мүмкіндік алады. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаеваның айтуынша, алдағы уақытта халықаралық байланысты нығайтып, бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру көзделіп отыр. - Меморандумның негізгі мақсаты - тек Маңғыстау облысында ғана емес, бүкіл Батыс өңірінде, оның ішінде Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында ауқымды жобаларды іске асыру. Бүгінде кореялық тараптың Ақтау қаласы мен Маңғыстау өңіріне қызығушылығы жоғары.
Медицина саласында шешімін күткен мәселелер бар, сондықтан тәжірибе алмасу, ынтымақтастықты нығайту және білікті мамандар тарту аса маңызды. Болашақта тәжірибе алмасу мақсатында дәрігерлерімізді Оңтүстік Кореяға оқыту жоспарланып отыр, - деді Бибізада Дүйсенбаева.