
Нұрдәулет Қилыбай мәдениет және өнер қызметкерлері күнінде әнші Тамара Асарды қабылдады
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мәдениет және өнер қызметкерлері күнінде танымал әнші, Қазақстанның халық әртісі Тамара Асарды қабылдады.
Кездесу барысында өңірдегі мәдениет саласының дамуы, шығармашылық ұжымдардың жұмысы және ұлттық өнерді қолдау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ мәдени инфрақұрылымды жетілдіру мен жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру бағыттарына назар аударылды.
Аймақ басшысы әншіні Қазақстанның халық әртісі атағын алуымен құттықтап, бұл марапат оның ұзақ жылғы еңбегі мен өнердегі жетістігінің лайықты бағасы екенін атап өтті.
– Біз мәдениет саласы қызметкерлерін әрдайым қолдаймыз. Себебі мәдениет – ұлттың рухани тірегі, ел бірлігін нығайтатын маңызды сала. Өнер адамдары қоғамның рухын көтеріп, халықтың жүрегіне жол табады. Сіз осы жолда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, елге танымал, өңіріміздің мақтанышысыз. Сіздің шығармашылығыңыз жастарға үлгі, елге рух беретін құндылық, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кездесу соңында аймақ басшысы Тамара Асарға шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт және жаңа жетістіктер тіледі. Әнші өз кезегінде көрсетілген құрмет пен қолдау үшін алғысын білдірді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі