
Маңғыстауда Теңіз академиясының жаңа оқу ғимараты ашылды
Бүгін, 21 мамыр күні Ақтауда Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті жанындағы Теңіз академиясының жаңа оқу ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, мемлекеттік органдардың өкілдері, сала мамандары, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен теңіз саласының ардагерлері қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі жаңа нысанның өңірдің теңіз саласын дамытудағы маңызына тоқталып, жиналған қауымды құттықтады.
– Бүгін еліміз үшін тарихи сәт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев логистика және теңіз саласын дамытуға, сондай-ақ осы бағыттағы кадр даярлау мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Бүгінгі шара – соның нақты көрінісі. Бұл – еліміздің теңіз саласы үшін маңызды жоба. Маңғыстаудың көлік-логистикалық әлеуеті артып келе жатқан кезеңде мұндай академияның маңызы зор. Осы іске атсалысқан барша азаматқа елдің атынан алғыс айтамын, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жаңа оқу ғимараты Yessenov University-дің жеке қаражаты есебінен салынған. Құны 1,430 млрд теңгені құрайтын үш қабатты кешеннің жалпы аумағы 4600 шаршы метрді құрайды және 900 білім алушыға арналған.
Теңіз академиясы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қажетті кадрларды даярлауға бағытталған. Мұнда теңіз көлігі, логистика, кеме қатынасы және порттық инфрақұрылым салалары бойынша мамандар даярланып, қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
Академия халықаралық деңгейдегі заманауи теңіз симуляторларымен жабдықталған. Атап айтқанда, Kongsberg компаниясының навигациялық және инженерлік тренажерлері орнатылып, теңіз мамандарын даярлауға арналған арнайы бағдарламалық жүйелер енгізілген. Бұл кешендер шынайы кеме жүргізу жағдайларын модельдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар академия «Сторм» компаниясының тренажерларымен және International Maritime Organization (IMO) халықаралық стандарттарына сәйкес мультимедиялық оқу модульдерімен жабдықталған. Жүйе вахталық офицерлерді, капитандарды, механиктерді және теңіз флоты мамандарын даярлауға арналған.
Бүгінде Теңіз академиясында 350 студент білім алады. Мамандар даярлау бакалавриаттың 6 және магистратураның 4 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Олардың қатарында кеме жүргізу, кеме энергетикалық қондырғыларын пайдалану, теңіз техникасы мен технологиялары, су көлігін басқару және көлік логистикасы бағыттары бар.
Жаңа кешен құрамында әскери кафедра студенттеріне арналған саптық алаң, қарауыл қалашығы және заманауи кедергілер жолағы қарастырылған. Ашылу күні 130-дан астам курсант әскери ант қабылдады.
Жалпы жаңа оқу ғимаратының ашылуы Қазақстандағы теңіз білімін дамытуға серпін беріп, Маңғыстаудың халықаралық ғылыми-білім беру және көлік-логистикалық орталық ретіндегі әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі