Ақтауда цифрландыру мен жасанды интеллектке арналған жастар форумы өтуде
Бүгін, 4 мамыр күні Ақтау қаласында «Ауыл» партиясы мен «Auyl Jastary» жастар қанатының бастамасымен «Цифрландыру және жасанды интеллект» тақырыбында облыстық жастар форумы өтуде. Іс-шара өңір жастарының басын қосып, цифрлық трансформацияның маңызы мен жас буынның осы саладағы әлеуетін арттыру мәселелерін талқылауға арналды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Ашық пікір алмасу форматында өткен жиында қатысушылар цифрландыру дәуіріндегі жаңа мүмкіндіктер мен сын-қатерлерді талқылады.
«Ауыл» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары Нұрхат Ораш форумның маңыздылығына тоқталып, бұл бастама республика көлемінде жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Нұрхат Ораштың айтуынша, аталмыш жиын жастарға цифрлық білім беріп ғана қоймай, сонымен қатар олардың арасында байланыс орнату, нетворкинг мәдениетін қалыптастыру және ауыл жастарының әлеуетін арттыру.
- Бұл жоба алғаш рет Түркістан облысында бастау алып, бүгінде еліміздің 12 өңірін қамтыды. Алдағы уақытта қалған өңірлерде де жалғасын табады. Мемлекет басшысының жарлығымен биыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Бұл бастама аясында біз жастарға нақты тәжірибелік білім беруді мақсат еттік. Форум барысында қатысушылар жасанды интеллект арқылы табыс табу, IT саласында жұмыс істеу мүмкіндіктерімен танысады. Бұған дейінгі кездесулердің нәтижесінде бірқатар жастар чат-боттар әзірлеп, сайттар жасап, IT саласына жұмысқа орналасқанын айтып жатыр. Бұл атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көрсетеді, - деді Нұрхат Ораш.
Сондай-ақ жиында Маңғыстау облысы жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Мұқаш Оралбай сөз сөйлеп, өңірде жастар бастамаларын қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Форум аясында қоғамдық өмірге белсенді қатысып, жастар саясатын дамытуға үлес қосқан бірқатар жасқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаевтың атынан марапаттар табысталды.
Іс-шара барысында цифрландыру мен жасанды интеллект саласының орталықтан келген тәжірибелі мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Шохноза Халметова «Жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану, табыс табу көздері, нейрожүйелер», Олжас Саукенов «Киберқауіпсіздік және кибергигиена», Қиса Медина жасанды интеллекттің мүмкіндіктері туралы баяндама жасады. Сонымен қатар Бибігүл Рамазанова да өз ой-пікірін ортаға салатын болады.
Форум «AUYLJAS QUIZ» интерактивті сұрақ-жауап бөлімімен жалғасып, қатысушылар спикерлерге тікелей сұрақтар қойып, мазмұнды жауаптар алып жатыр.
