Ақтауда Ұлттық кітап күніне орай ашық есік күні өтті
Бүгін, 23 сәуір күні Ақтау қаласында Ұлттық кітап күніне орай Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шараның негізгі мақсаты - кітап оқуды насихаттау, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру және рухани құндылықтарды дәріптеу.
Ашық есік күні аясында екі кітаптың тұсаукесері өтіп, кітап көрмелері мен жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, интеллектуалды және Quiz ойындары өткізілді. Мерекелік жиынға қала тұрғындары мен қонақтары, кітапхананың тұрақты оқырмандары, колледж және университет студенттері, сондай-ақ мектеп оқушылары белсенді қатысты.
Бүгінде облыстық кітапхана қорында 500 мыңға жуық кітап сақталған. Кітапханаға күн сайын орта есеппен 400- 500 адам келеді. Соңғы жылдары оқырмандар саны айтарлықтай артқан. Мәселен, 2021 жылы 20 мың оқырман тіркелсе, қазіргі таңда олардың саны 50 мыңнан асып отыр.
Іс-шара барысында келушілер кітап әлемімен жақынырақ танысып, рухани азық алып, уақыттарын пайдалы өткізді. Ұйымдастырушылар мұндай мәдени-ағартушылық шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын атап өтті.
Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасы басшысының орынбасары Гуля Нұрмұханова барша қазақстандықтарды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, кітап апталығы аясында бірқатар іс-шаралардың өтіп жатқанын жеткізді.
- Барша қазақстандықтарды, оқырмандарымызды Ұлттық кітап оқу күнімен және кітапханашыларды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Ұлттық кітап апталығы аясында 16-23 сәуір аралығында кітапханамызда түрлі мәдени және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр, - деді Гуля Нұрмұханова.
