
Ақтауда 30-дан астам университеттің қатысуымен білім жәрмеңкесі өтті
Бүгін, 20 сәуір күні Aqtau International School-да AIS Uni Fair – университеттер жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Маңғыстау облысының білім басқармасы мен Aktau International School бірлесіп ұйымдастырған ауқымды форумда талапкерлер мен ата-аналарға және мұғалімдерге шетелде білім алу мүмкіндіктері ұсынылды. Іс-шара барысында қатысушылар 30-дан астам халықаралық университет өкілдерімен тікелей кездесіп, шетелде оқу шарттары, гранттық бағдарламалар мен қабылдау талаптары туралы жан-жақты ақпарат алды. Сонымен қатар, кәсіби бағдар бойынша сарапшылар кеңес беріп, білім беру саласындағы заманауи трендтер таныстырылды. Астана қаласы «Білім-инновация» қоғамдық қорының халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Азамат Төлепбергенов ақтаулық оқушыларға мамандық таңдауда бағыт беріп, шетелдік университеттермен танысуға мүмкіндік бергенін айтты. ⁃ Ақтауда өтіп жатқан бұл жоба оқушыларға мамандық таңдауда бағыт беріп, Қазақстандағы және шетелдегі университеттердің гранттық мүмкіндіктері туралы ақпарат алуға жол ашады. Бұл кәсіби бағдар берушілер мен оқушылар үшін үлкен платформа. Бірінші бөлімде мұғалімдер мен мамандар сессияларға қатысып, кәсіби даму бойынша ақпарат алады. Ал екінші бөлімде 15 елден келген 30 университет өкілдері оқушылар мен ата-аналарға қабылдау талаптары мен гранттар туралы кеңес береді, - деді Азамат Төлепбергенов. Жәрмеңкеге Швейцария, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Германия, Малайзия және Қытай елдерінің жетекші оқу орындары қатысты. Атап айтқанда, Swiss Education Group құрамындағы César Ritz Colleges Switzerland, Culinary Arts Academy Switzerland, Swiss Hotel Management School (SHMS), HIM Business School (Hotel Institute Montreux), сондай-ақ Kaplan International Pathways серіктес университеттері – Queen Mary University of London, University of Birmingham, University of Bristol, Arizona State University және басқа да жоғары оқу орындары ұсынылды. Бұдан бөлек, Constructor University, Cardiff University Kazakhstan, De Montfort University Kazakhstan, Taylor’s University Malaysia, Xiamen University Malaysia, The Chinese University of Hong Kong (Shenzhen), Fudan University сынды беделді университеттер де қатысты. Сондай-ақ, College Board, IDP IELTS, Luminary Education, Galym Project, NOVA Education, NOVA Olympiads, Study in Italy, Study in Czech Republic, Smartestprep және Technovation Girls ұйымдары өз бағдарламалары мен білім беру мүмкіндіктерін таныстырды. Іс-шара аясында ата-аналар мен мұғалімдерге арналған форум және мектеп оқушыларына арналған мамандықтар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.