Маңғыстаулық түлектерге Шымкентте тегін білім алу мүмкіндігі ұсынылды

Маңғыстаулық түлектерге Шымкентте тегін білім алу мүмкіндігі ұсынылды

Маңғыстаулық түлектерге Шымкентте тегін білім алу мүмкіндігі ұсынылды

Маңғыстау өңірі мен Шымкент қаласы арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайту аясында Ақтау қаласына Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің делегациясы жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Делегация құрамында университет ректорының міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Жанбол Жилбаев, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Лаззат Байырбекова және Үздіксіз білім беру орталығының басшысы Рауан Бегалиева бар. Сапардың мақсаты – Маңғыстау жастарын сапалы жоғары білім алудың жаңа мүмкіндіктерімен таныстыру, мемлекеттік гранттар туралы ақпарат беру, сондай-ақ талапкерлерге болашақ мамандығын таңдауда кәсіби бағдарлық қолдау көрсету. Биылғы оқу жылында мемлекет тарапынан педагогикалық мамандықтарға 13 226 грант бөлінген, бұл ретте техникалық және IT-бағыттарға ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университет Маңғыстау түлектерін грант негізінде оқуға және сұранысқа ие білім алуға шақырады. Жыл сайын аталған оқу орнының 1000-ға жуық студенті мемлекеттік грант иегері атанады. Сонымен қатар Шымкент қаласының әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 300-ге жуық грант беріледі. Бұдан бөлек, биыл түріктің Гази университетінің филиалында оқу үшін тағы 100 грант бөлуге өтінім берілген. Еліміздің оңтүстігіндегі жетекші білім ордаларының бірі саналатын университет білім сапасына ғана емес, студенттерге жайлы жағдай жасауға да баса мән береді. ЖОО-да 58 заманауи оқу-әдістемелік зертхана мен виртуалды шеберхана жұмыс істейді. Студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі, ал барлық оқу корпустары тегін Wi-Fi желісіне қосылған. Шығармашылық әлеуетті дамыту үшін 12 үйірме мен еріктілер бірлестігі қызмет етеді. Академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында студенттер Польша, Чехия, Түркия және АҚШ-тың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алады. Бұл сапар Маңғыстау облысының білім беру ұйымдарымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болды. Университет басшылығы өңір жастарын Шымкенттегі заманауи білім беру мүмкіндіктерін пайдалануға шақырып, білікті маман даярлау мен табысты болашақ үшін барлық жағдай жасалатынын жеткізді. Оқуға түсу, білім алу, тұру жағдайлары, мемлекеттік және қосымша гранттарды иелену, білім беру бағдарламаларын таңдау және басқа да сұрақтар бойынша талапкерлер мен олардың ата-аналары келесі байланыс нөмірлері мен электронды пошталар арқылы толық кеңес ала алады: Тел: +7 775 722 3098; E-mail: blazzat69@mail.ru, info@okmpu.kz. Мамандар оқуға түсудің барлық кезеңдерін түсіндіріп, бағыт таңдауға көмектесуге дайын.