Маңғыстауда «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында өңірлік форум өтті

Маңғыстауда «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында өңірлік форум өтті

Маңғыстауда «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында өңірлік форум өтті

16 сәуір күні Ақтауда «TURǴYNDAR AMANATY» партиялық жобасы шеңберінде «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты өңірлік форум өтті. Ауқымды іс-шара тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін талқылайтын маңызды диалог алаңына айналды.

Форумға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еділ Жанбыршин мен Самат Мұсабаев, «AMANAT» партиясы хатшысы Ержан Жылқыбаев, партияның облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ мүлік иелері бірлестіктерінің белсенді мүшелері қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы – көпқабатты тұрғын үйлерді басқару тиімділігін арттыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының заманауи жүйесін дамыту. Жиында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, ортақ мүлікті күтіп ұстау, коммуналдық төлемдердің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Сонымен қатар мүлік иелері бірлестіктері мен тұрғындарды практикалық тұрғыда қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында азаматтардың бастамаларын сүйемелдеу және құқықтық сауаттылығын арттыру көзделіп отыр. Бұл – жауапты әрі белсенді азаматтық қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Форум барысында «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы мен өңірдегі басқарушы және сервистік компаниялар қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат тұрғын үй қорын басқару сапасын арттыруға және өзара іс-қимылды жүйелі түрде жолға қоюға мүмкіндік береді.

Іс-шара аясында мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің белсенді өкілдері алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ партия қатарына жаңа мүшелерді салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтті.

Форумды қорытындылаған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғын үй-коммуналдық саланы дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті.

– Басты мақсатымыз – тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз және сапалы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Бұл бағытта инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық шешімдерді енгізу және қызмет сапасын арттыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Тек бірлескен әрі жауапты жұмыстың нәтижесінде нақты әрі тұрақты жетістіктерге қол жеткізуге болады, – деді өңір басшысы.

Айта кетейік, өңірде тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 2011-2025 жылдар аралығында 56 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл бұл жұмыстар жергілікті бюджет есебінен жалғасады.

Бүгінде Маңғыстау облысында 1 938 көпқабатты тұрғын үй бар, олардың 1 076-сы кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. Қалған үйлерді тіркеу жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда.

Форум сараптамалық пікірталастар сериясымен қорытындыланып, қатысушылар сала дамуының практикалық шешімдері мен алдағы қадамдарын талқылады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі