Ақтауда футзалдан Қазақстан құрамасы Әзербайжанды ірі есеппен екі мәрте ұтты

Ақтауда футзалдан Қазақстан құрамасы Әзербайжанды ірі есеппен екі мәрте ұтты

Ақтауда футзалдан Қазақстан құрамасы Әзербайжанды ірі есеппен екі мәрте ұтты

Қазақстанның футзалдан ұлттық құрамасы Ақтауда өткен халықаралық жолдастық матчтар сериясын сәтті өткізіп, Әзербайжан құрамасын екі мәрте жеңіп, алдағы әлем чемпионатының іріктеу ойындарына жоғары деңгейде дайын екенін көрсетті.

Ойындар ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Рикардо Камара Собралдың (Какау) жетекшілігімен ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиындары аясында өтті. Географиялық орналасуы және команданың толыққанды дайындығы Ақтауды
ойын алаңы ретінде таңдауға негіз болды.
Қазақстан
мен Әзербайжан футбол федерацияларының өзара ынтымақтастығының нәтижесінде матчтарды өткізу мүмкін болды.

Екі кездесу де тартысты әрі көрермендер үшін қызықты өтті. Дегенмен Қазақстан құрамасы ойын барысында басымдық танытып, жылдамдықты, тактикалық сауаттылықты және командалық үйлесімділікті көрсетті. Нәтижесінде 9:2 және 4:2 есебімен сенімді жеңістерге қол жеткізілді. Бұл көрсеткіштер команданың өсіп келе жатқан әлеуетін айқындады.

Соңғы матчқа Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, ұлттық құраманы жеке өзі қолдап, олардың ойынына жоғары баға берді:

«Сіздер құрметке лайықты және сенім ұялататын ойын көрсеттіңіздер. Бұл — жүйелі дайындықтың, тәртіптің және жанкештіліктің нәтижесі. Бүгін алаңда халықаралық деңгейде үлкен міндеттерді шешуге қабілетті команда ойнады. Алда — шешуші ойындар, сондықтан осы қарқын мен жауапкершілікті сақтау маңызды. Біз сіздерге сенеміз және жаңа жеңістер күтеміз», — деп атап өтті өңір басшысы.

Ақтауда өткен матчтар ұлттық құраманың дайындық кезеңіндегі маңызды сатыға айналып, ойыншылар арасындағы өзара байланысты нығайтуға, командалық әрекетті жетілдіруге және ресми жарыстарға тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік берді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі