Ақтауда энергетика саласы бойынша халықаралық панельдік сессия өтті

Ақтауда энергетика саласы бойынша халықаралық панельдік сессия өтті

Ақтауда энергетика саласы бойынша халықаралық панельдік сессия өтті

Бүгін, 14 сәуір күні «MEC ENERGY CONNECT» халықаралық тағылымдамасы аясында «Кәсіптік білім берудегі халықаралық интеграция: энергетика саласындағы тәжірибе алмасу» тақырыбында панельдік сессия және «Tech Horizons: Болашаққа көзқарас» атты кәсіби көрме өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Ауқымды іс-шара кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға, халықаралық тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Франция арасындағы білім беру серіктестігін нығайтуға бағытталды.

Жиынға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, Франциядан келген Raspail энергетикалық мамандардың жоғарғы мектебінің делегациясы, әлеуметтік серіктестер және энергетика саласының жетекші ұйымдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында халықаралық тәжірибе алмасу, энергетика саласына мамандар даярлау, инновациялар мен цифрландыру, академиялық ұтқырлық және екі ел арасындағы білім беру серіктестігін дамыту бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Панельдік сессия барысында облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев сөз сөйлеп, халықаралық ынтымақтастықтың кәсіптік білім беру жүйесін дамытудағы маңыздылығына тоқталды.

- Бүгінгі панельдік сессия - кәсіби білім беру жүйесін дамытудағы өзекті мәселелерді талқылайтын, тәжірибе мен көзқарас тоғысатын маңызды алаң. Қазіргі кезеңде энергетика – экономиканың қозғаушы күші ғана емес, сонымен қатар үздіксіз жаңашылдықты талап ететін стратегиялық бағыт. Осыған байланысты техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне артылатын жауапкершілік арта түсуде. Халықаралық ынтымақтастық - осы үдерістің басты тіректерінің бірі. Қазақстан мен Франция арасындағы әріптестік өзара сенім мен тиімді тәжірибе алмасуға негізделіп, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беруде, - деді Аббат Өрісбаев.

Сондай-ақ Франция делегациясының жетекшісі, Raspail энергетикалық мамандардың жоғарғы мектебінің өкілі Sofiane Shouli халықаралық серіктестік аясындағы атқарылып жатқан жұмыстардың мазмұнына тоқталып, екі ел арасындағы бірлескен білім беру жобаларының болашағы туралы ойымен бөлісті.

Жиында «Маңғыстау өңірлік электротораптық компания» АҚ, «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК, «Маңғыстауэнерго» МКК және «Мунайтелеком» ЖШС басшылары сөз сөйлеп, сала мамандарына қойылатын заманауи талаптар мен кәсіби дағдылардың маңыздылығы туралы пікір білдірді.

Панельдік пікірталас және Q&A форматындағы сессия барысында қатысушылар халықаралық тәжірибенің студенттердің кәсіби дамуына ықпалы, энергетика саласында сұранысқа ие дағдылар және Қазақстан-Франция бірлескен жобаларының келешегі сияқты өзекті мәселелерді талқылады.

Облыстық білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев энергетикалық колледж бен Франция оқу орындары арасындағы әріптестік жоспарлары туралы айтты.

- Маңғыстау энергетикалық колледжіне Франциядан 4 студент және олардың жетекшісі келіп отыр. Алдағы уақытта Erasmus+ Еуропа білім беру бағдарламасымен студенттерді Франция колледждеріне академиялық ұтқырлық, іс-тәжірибе алмасу жоспарлануда. Осы келісім негізінде екіжақты тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда біздің студенттер мен шетелдік студенттер өзара байланыс орнатып, білімдерімен және тәжірибелерімен бөлісуде. Бұл - екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мүмкіндік. Болашақта біздің студенттер Францияға барып, тәжірибеден өтіп, халықаралық деңгейде сертификат алып келуді мақсат етеді, - деді Амантай Кумбаев.

Іс-шара аясында өткен «Tech Horizons: Болашаққа көзқарас» кәсіби көрмесінде мектеп оқушылары, студенттер және Маңғыстау энергетикалық колледжінің оқытушылары энергетика саласындағы жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдерді таныстырды. Көрме барысында келушілерге ерекше қызығушылық тудырған робот-ит те таныстырылып, заманауи робототехника мүмкіндіктері көпшілік назарына ұсынылды.