
Ақтауда жасыл сутегі технологияларын дамытуға арналған халықаралық хакатон өтуде
Бүгін, 9 сәуір күні Yessenov университетінде төмен көміртекті энергетика саласындағы инновацияларды дамытуға бағытталған «Green Hydrogen Hackathon Central Asia» халықаралық хакатоны басталды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Хакатонның негізгі мақсаты - жастардың жасыл сутегі технологияларына деген қызығушылығын арттыру, инженерлік және ғылыми ойлау қабілеттерін дамыту, сондай-ақ тұрақты энергетикалық болашаққа арналған практикалық шешімдерді қалыптастыру.
Аталған іс-шара Қазақстан, Орталық Азия және Каспий маңы өңірінен келген студенттерді, магистранттарды, докторанттарды және жас зерттеушілерді біріктірді. Сонымен қатар, іс-шара аясында қатысушылар сутекті өндіру, сақтау, тасымалдау және оны энергетикалық жүйелерге интеграциялау бағытындағы өзекті тапсырмалармен жұмыс істеді. Экономиканы декарбонизациялау және экологиялық таза технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушыларға Technical University of Berlin сарапшылары менторлық қолдау көрсетті. Олар тәжірибеге бағытталған кейстер ұсынып, командаларға жұмыс барысында кеңес берді. Қатысу форматы офлайн болды. Командалар 5 адамға дейінгі құрамда жасақталып, жарыс ағылшын тілінде өтті.
Хакатон German Society for International Cooperation қолдауымен, H2-diplo – Decarbonization Diplomacy жобасы аясында ұйымдастырылды. Хакатон бағдарламасы аясында салтанатты ашылу өтіп, жасыл сутек технологиялары бойынша кіріспе дәріс ұйымдастырылды. Халықаралық менторлар тарапынан қатысушыларға тапсырмалар беріліп, қарқынды командалық жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде жобалар таныстырылды.
Есенов университетінің «Энергетика» кафедрасының меңгерушісі Динмухамбет Баимбетов хакатонға қатысып жатқан университет студенттері туралы айтты.
-Біздің университеттен жас ғалымдар, магистранттар, лекторлар, докторлар және бакалавр студенттері бар. Қазіргі таңда олар халықаралық деңгейдегі іс-шараларға қатысып, өз білімдері мен тәжірибелерін арттыруда. Сонымен қатар, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыс орнатып, бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік алуда. Бұл өз кезегінде олардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, заманауи ғылым мен білім беру үрдістерімен танысуына жол ашады,-деді Динмухамбет Баимбетов.