Маңғыстауда колледждерде медиация жобасын енгізуге арналған семинар өтті

Маңғыстауда колледждерде медиация жобасын енгізуге арналған семинар өтті
Маңғыстауда колледждерде медиация жобасын енгізуге арналған семинар өтті

Маңғыстау облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білімді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Колледждерде медиация жобасын енгізу» тақырыбында семинар өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Іс-шараға сот өкілдері, құзырлы органдар қызметкерлері, Ақтау қалалық әкімдігі, бала құқығын қорғау жөніндегі медиаторлар, білім басқармасы өкілдері, сондай-ақ колледж басшылары мен педагог-психологтар қатысты.

Семинардың негізгі мақсаты – колледждерде білім алушылар, ата-аналар және педагогтер арасындағы жанжалдарды тиімді шешу жолдарын қарастыру, дауларды әділ реттеудің баламалы тетіктерін енгізу.

Жиын барысында медиация институтының маңызы мен оның білім беру ұйымдарындағы рөлі кеңінен талқыланып, қатысушылар тарапынан бірқатар баяндамалар ұсынылды.

Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Газимова жобаның жүзеге асырылу барысына тоқталды.

-Бұл мақсатта бүгінгі таңда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында екі колледжге тәлімгерлер тағайындалып, жұмыстар басталды. Аталған тәлімгерлер арнайы оқытудан өтіп, сертификаттарын алды және колледждерде қызмет атқаратын болады. Іс-шара медиация туралы заң аясында ұйымдастырылып отыр. Жиында өзекті мәселелер көтеріліп, ортақ шешімдер қабылданды, ұсыныстар тыңдалып, алдағы жұмыстардың жоспары айқындалды, - деді Құралай Газимова.

Маңғыстау облыстық азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Гүлажар Бақытжанова да семинардың маңызын атап өтті.

-Бүгінгі семинардың маңызы зор. Колледждерде медиация тәртібін енгізу – уақыт талабы. Біз құқықтық мемлекет құру жолында келе жатқан қоғамбыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Заң мен тәртіп» қағидаты негізгі бағыттардың біріне айналды. Құқықтық мемлекетте заң үстемдігі бірінші орында тұруы тиіс. Медиация – халқымыздың билер институтынан бастау алатын құндылық. Сондықтан әрбір білім беру ұйымында, басшылардан бастап қызметкерлерге дейін, дауларды тиімді шешуде медиатор рөлін атқара алады. Семинар мазмұнды өтті, құқықтық тетіктер де жан-жақты түсіндірілді, - деді Гүлажар Бақытжанова.

Семинар қорытындысында қатысушылар колледждерде медиация жобасын жүйелі түрде енгізудің маңыздылығын атап өтіп, білім беру ұйымдарында қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыруға бағытталған нақты ұсыныстар қабылдады. Сонымен қатар, медиаторларды даярлау жұмысын жалғастыру, тәжірибе алмасу алаңдарын кеңейту және медиация тетіктерін оқу-тәрбие процесіне кезең-кезеңімен енгізу қажеттігі айтылды.