Маңғыстауда Аманбай Жетемісұлына арналған республикалық конференция өтті

Маңғыстауда Аманбай Жетемісұлына арналған республикалық конференция өтті

Маңғыстауда Аманбай Жетемісұлына арналған республикалық конференция өтті

Бүгін Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде «Аманбай Жетемісұлы тұлғасы: ауызша тарих, рухани мұра және дәстүрлі мәдениет контекстінде» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Ауқымды ғылыми жиынға Астана, Алматы, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан келген ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, жастар және Аманбай ата ұрпақтары қатысты.

Конференцияның ашылуында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев пен облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев сөз сөйлеп, шараның рухани маңызына тоқталды. Жиын барысында «Аруақты абыз Ата Аманбай» атты сахналық қойылым қойылып, деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.

Ғылыми басқосуда белгілі ғалымдар – филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, тарих ғылымдарының докторы Досбол Байғұнақов және филология ғылымдарының кандидаты Зинулла Мутиев, Тарих және дәстүрлі өнер кафедрасының меңгерушісі, PhD Аягөз Нурманова баяндама жасап, Аманбай Жетемісұлының тарихи тұлғасы, сопылық идеялары, халық жадындағы орны туралы жан-жақты пікір білдірді.

Конференция барысында Аманбай атаның өмір жолы, рухани мұрасы кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, педагог-шебер Қамар Тұмашқызының «Әулие құпиясы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Іс-шара аясында қатысушыларға әулие атаның жеке тұтынған жәдігерлері ұсынылып, арнайы көрме ұйымдастырылды.

Аталған ғылыми жиын Тарих және дәстүрлі өнер кафедрасының ұйымдастыруымен, ұлт руханиятын жаңғыртуға, тарихи тұлғаларды дәріптеуге және жас ұрпаққа тағылымды мұра қалдыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.