
13-14 наурыз күндері Маңғыстау облысында Амал мерекесіне орай «Амал – татулық пен бірлік мерекесі» атты ауқымды мәдени іс-шара ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама аясында жергілікті өнерпаздармен қатар, шетелден келген дәстүрлі өнер өкілдері көрерменге түркі халықтарының ұлттық музыкасы мен бай мәдени мұрасын ұсынады, деп хабарлайды otpannews.kz. Мерекелік іс-шараға бірнеше елдің танымал әншілері арнайы шақырылған. Олардың қатарында Өзбекстан мемлекеттік филармониясының әншісі Дильфуза Қабылева бар. Ол өзбек халық әндерін орындаудағы ерекше шеберлігімен танымал. Сондай-ақ, Қырғыз Республикасының белгілі әншісі, Т.Сатылғанов атындағы Қырғыз мемлекеттік филармониясының солисі Жанар Туратова да өнер көрсетеді. Оның орындауындағы қырғыз халық әндері ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Әзербайжан Республикасынан келген дәстүрлі әнші Сефали Мирзелиев (Sefali Mirzeliyev) – «Vatan Musik Group» ансамблінің вокалисі. Ол әзербайжан халық музыкасын жаңа стильде сахнада насихаттап жүрген өнерпаздардың бірі. Сонымен қатар, Түркия Республикасынан Нильгюн Кизилчи (Nilgün Kızılcı) қатысады. Ол Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің Бейнелеу өнері бас басқармасына қарасты Анкара мемлекеттік түрік халық музыкасы хорының вокалисі.