
Нұрдәулет Қилыбай бірқатар еңбек адамдарына мемлекеттік наградаларды табыстады
Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын табыстау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Бейнеу көпбейінді орталық аудандық ауруханасының аға мейірбикесі Дарғұлова Камилла Еспайқызы ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталса, Ақтау қаласындағы Әшімбаев атындағы №11 лицейдің мұғалімі Максимова Ұлхия Зинелқызы, Маңғыстау орталық аудандық ауруханасының дәрігері Төлемісова Сәулет Есмұханбетқызы және Ақтау электр желілері басқармасының өндірістік үй-жайларды жинаушысы Чуренова Маржан Шүкірбайқызы «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Салтанатты жиында өңір басшысы марапат иелерін құттықтап, олардың еңбегі ел дамуына қосылған маңызды үлес екенін атап өтті.
– Мемлекетіміздің дамуына адал еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым бағалануға тиіс. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз өңірдің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып келеді. Баршаңызды жоғары марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен өңірдің бірқатар азаматтары Астана қаласында мемлекеттік наградаларға ие болған еді. Атап айтқанда, Ақтау қаласындағы «Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебі» МКҚК мұғалімі Батыршева Рухия Махмұтқызы «Парасат» орденімен, ал Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Пәния Сармурзина, «Өзенмұнайгаз» АҚ №4 мұнай және газ өндіру басқармасының машинисі Шуақбаева Айсұлу Қошмаққызы және «Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі» МКҚК басшысы Шолтанова Зәрипа Есенбайқызы «Құрмет» орденімен марапатталған болатын.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі