Маңғыстаулық іскер әйелдер республикалық форумға қатысты

Маңғыстаулық іскер әйелдер республикалық форумға қатысты

Маңғыстаулық іскер әйелдер республикалық форумға қатысты

Маңғыстаулық іскер әйелдер Халықаралық әйелдер күні қарсаңында AMANAT партиясы бастамасымен Астана қаласында өткен «Әйел әлемі – ел тағдырына жауапкершілік» атты Әйелдер форумына қатысты. Іс-шара «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» Жалпыұлттық коалициясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Форумға еліміздің барлық өңірлерінен мыңнан астам әйел қатысты. Жиынның басты мақсаты – қоғам өміріндегі отбасының рөлін арттыру, оның саяси, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық үдерістерге белсенді қатысуына қолдау көрсету, сондай-ақ табысты жобалар мен тиімді бастамаларды кеңінен насихаттау болды.

Республикалық форумға Маңғыстау облысынан келген 30-ға жуық делегат AMANAT партиясының мүшелері – мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, түрлі сала мамандары қатысты. Бұл шара өңір әйелдері үшін тәжірибе алмасуға және өз әлеуетін танытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Форум барысында отбасылық және демографиялық саясатты жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен тиімділікті арттыру мәселелері кеңінен сөз болды. Спикерлер қоғамдағы әйел көшбасшылығының маңызын атап өтіп, нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Маңғыстаулық спикер, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова азаматтардың сұранысына бейімделген, әділетті әрі ашық мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырудың өзектілігіне тоқталды. Ал облыстық мәслихат депутаты, AMANAT партиясы жанындағы «Әйелдер қанатының» жетекшісі Пәния Сармурзина «Ана туралы» эссесін тебіреніспен оқыды. Сонымен қатар, қазақ қоғамындағы әйелдің айрықша орнына тоқталып, ұлттық құндылықтар мен отбасы институтының маңызын ерекше атап өтті.

-Қазақта «әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тағылымды сөз бар. Бұл – ананың, жалпы әйел затының қоғамдағы рөлін айқын көрсететін терең ұғым. Біз қашанда ананы ардақтап, қызды құрметтеген халықпыз. Отбасы институтын қалыптастыруда әйелдің орны бөлек, оның тәрбиесі мен тағылымы – тұтас ұлттың болашағын айқындайды, - деді Пәния Сармурзина.

Сондай-ақ, спикер қазіргі таңда қыз-келіншектердің мемлекеттік қызметте және түрлі салада табысты еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеумен қатар, ел дамуына сүбелі үлес қосып жүргенін атап өтті.

-Бүгінгі форумда Аида Балаева мен Әсел Балманова сынды білікті спикерлер атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарларын ортаға салды. Білім, ғылым және инновация бағытында өңіріміздегі AMANAT партиясы жанындағы әйелдер қанаты да жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Олар түрлі форумдар мен жиындар ұйымдастырып, маңызды бастамаларды жүзеге асыруда. Бұл – әйелдердің тек отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның белсенді мүшесі әрі мемлекет дамуының қозғаушы күші екенін айқын дәлелдейді, - деді Пәния Сармурзина.

Пәния Сармурзинаның айтуынша, ел болашағын айқындайтын маңызды құжаттарды қабылдау қарсаңында ұйымдастырылған бұл форум отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған.

Жиын қорытындысында әйелдердің ел дамуына қосып отырған үлесін арттыруға бағытталған бастамаларға қолдау білдіріліп, бірлескен жұмыс тетіктері айқындалды.