
Маңғыстауда индустриялық серпіліс: АЭА аумағында 16 жоба жүзеге асады
2026 жылы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 158,6 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске қосылып, 1812 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда өнеркәсіп, логистика, туризм және инфрақұрылым бағыттарындағы нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, өндірістік жабдықтар жеткізілуде.
Өнеркәсіп секторында металлургия және машина жасау бағытындағы бірқатар өндірістер іске қосылады. Атап айтқанда, арматура шығаратын зауыт, қара және түсті металл сынықтарын қайта балқытатын шағын кәсіпорын, болат құю зауыты, полиэтилен құбырлары өндірісі, сондай-ақ трансформаторлар мен кабельдер шығаратын өндіріс орындары іске қосылмақ.
Құрылыс материалдары және химия өнеркәсібі саласында гипсокартон өндіру, асфальт-бетон қоспасын шығару, полиэтилен және термоқысқартылатын пленка өндірісі, полипропилен бұйымдарын жасау, стронций карбонаты мен қабатты күкірт өндіру, сондай-ақ су тазартуға арналған сүзгілер шығару жобалары жүзеге асырылуда.
Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту аясында еуразиялық жеткізу тізбегі базасы, халықаралық контейнерлік хаб салынуда. Сондай-ақ Ақтау халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағы, рульдік жолдар мен перронды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.
«Жылы жағажай» аумағында көпфункционалды қонақүй-туристік кешеннің екінші кезеңі, гольф-клуб пен виллалары бар гольф-отель салынуда.
Жалпы алғанда, арнайы экономикалық аймақта іске асырылып жатқан 16 жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 158,6 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде 1 812 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Барлық нысандарды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған.
Аталған жобалар өңірде заманауи өнеркәсіптік және туристік кластер қалыптастырып, көлік-логистикалық инфрақұрылымды нығайтуға және экономиканың тұрақты дамуына серпін береді.