
Маңғыстауда төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері қаралды
24 ақпан күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында азаматтық қорғаныс жүйесінің жай-күйі, шомылу маусымындағы қауіпсіздік, өнеркәсіптік қауіпсіздік және бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметті енгізу мәселелері талқыланды.
Азаматтық қорғаныс саласының орындалуы туралы баяндамада өңірде оқу-жаттығулар мен дайындық іс-шаралары жоспарға сай жүргізіліп жатқаны айтылды. 2025 жылы 2 мыңнан астам оқу-жаттығу өткізіліп, 4 қорғаныс нысаны жаңғыртылды. Сонымен қатар саланы жетілдіру бағытында бірқатар мәселелер көтерілді.
2026 жылғы шомылу маусымында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Облыста 4 құтқару станциясы жұмыс істегенімен, 13 коммуналдық жағажайдың 10-ы қауіпсіздік талаптарына толық сай емес. Өткен жылғы тексерулер барысында бірқатар кемшіліктер анықталып, айыппұлдар салынған. Осыған байланысты алдағы маусымға дейін жағажайларды жабдықтау, ескерту белгілерін орнату және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі ұсынылды.
Сондай-ақ департаменттің қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүйелі бақылау жүргізілуде. 696 кәсіпорын мен 34 мыңнан астам объекті қадағалауда тұр. 2025 жылы профилактикалық және жоспардан тыс тексерулер барысында мыңдаған бұзушылық анықталып, әкімшілік шаралар қолданылған. Сонымен қатар баяндамашы өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту үшін заң талаптарын қатаң сақтау, профилактикалық жұмыстарды жүйелеу және жауапты мекемелермен бірлескен жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметті енгізу мәселесі бойынша IT Space компаниясының бас директоры өңірде 112 қызметін іске қосу жоспарларын таныстырды. Жоба аясында шұғыл қызметтердің жұмысын біріктіретін заманауи орталық құру көзделіп отыр. Оны іске асыру үшін инфрақұрылымды дайындау, диспетчерлік орталық құру, техникалық жарақтандыру және қауіпсіз байланыс арналарын ұйымдастыру жоспарланған.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты мекемелерге азаматтық қорғаныс пен қауіпсіздік шараларын күшейту, анықталған кемшіліктерді жою және барлық бағыт бойынша жүйелі жұмысты қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі