
Маңғыстауда «Жаңа Конституциялық реформалық өзгерістер бойынша этномәдени бірлестіктермен диалог» атты кездесу өтті
Маңғыстауда «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Конституциялық өзгерістер бойынша этномәдени бірлестіктермен диалог» тақырыбында кездесу өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Кездесуге этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысып, жаңа Конституциядағы өзгерістер мен толықтырулар туралы өз пікірлерімен бөлісті. Жиында Халық кеңесі мен құрылтайдың маңызы, отбасы институты, адам құқықтары мен отбасы құндылықтары, сондай-ақ жаңа Конституциядағы ғылым, білім, мәдениет, инновация және жастар саясаты бағыттары талқыланды. Маңғыстау облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов Конституциядағы өзгерістердің ел дамуы үшін маңызын атап өтті. -Конституцияның негізге алынған өзгерістерін негізгі бағыттар деп жоғары бағалауға болады. Себебі бұл өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақтылауға бағытталған. Жалпы қарастыратын болсақ, бұл құжатта ұлттық әрі рухани мәселелер де назардан тыс қалмаған. Сондықтан жаңа Конституцияны еліміздің қазіргі заман талаптарына сай, болашаққа бағдарланған нақты әрі маңызды құжат деп қабылдауға толық негіз бар. Өйткені онда қазақ елінің, Қазақстан Республикасының алдағы уақытта қай бағытта дамуы керектігі жан-жақты қарастырылған. Сонымен қатар, адам капиталына да ерекше мән берілген. Себебі мемлекетті құратын – халық, ал халық биліктің негізгі күші болып табылады. Осы тұрғыда жастардың, жалпы халықтың сауатты болуы – еліміздің болашағының жарқын болуының басты кепілі. Сондықтан адам капиталына басымдық беру – Конституцияда айқын көрсетілген негізгі бағыттардың бірі деп айтуға болады, -деді Оңайбек Әбділов.