
Маңғыстаулық ұстаздар Жайдарманның «Чемпиондар лигасының» жеңімпазы атанды.
Астанада өткен республикалық Жайдарман ойындарының дәстүрлі Маусымашар фестивалі аясында «Чемпиондар лигасы» кубогы сарапқа салынды. Еліміздің барлық өңірінен жиналған ең үздік командалар бақ сынаған додада Маңғыстау облысының намысын қорғаған «Ұстаздар» құрамасы айқын жеңіске жетті.
Маңғыстау облыстық білім басқармасына қарасты Қарақия кәсіптік колледжінің намысын қорғайтын «Ұстаздар» құрамасы фестиваль барысында жоғары деңгейдегі дайындық пен сапалы әзіл үлгісін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша қазылар алқасының ең жоғары бағасын иеленген ұжым 2026 жылғы Чемпиондар лигасының чемпионы атанды. Бұл жеңіс командаға республикалық деңгейдегі «JAIDARMAN TOP–2026» Жоғары лигасына тікелей жолдама берді. Осылайша, маңғыстаулық ұстаздар биылғы маусымда еліміздің ең үздік 20 командасының қатарында өнер көрсетпек.
“Республикалық Жайдарман ойындары жыл сайын жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру және мәдени демалысты ұйымдастыру мақсатында өткізіледі. «Ұстаздар» құрамасының бұл жетістігі – білім саласы мамандарының тек кәсіби бағытта ғана емес, шығармашылық ортада да бәсекеге қабілеттілігінің дәлелі”,- деді команда қатысушылары.