Ақтауда мәдениет саласының ардагерлері жаңа Конституцияны талқылады

Ақтауда мәдениет саласының ардагерлері жаңа Конституцияны талқылады

Ақтауда мәдениет саласының ардагерлері жаңа Конституцияны талқылады

Маңғыстау облысында мәдениет саласының ардагерлеріне арналған жаңа Конституцияға байланысты ақпараттық-түсіндіру семинары өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Кездесуге «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Маңғыстау облысы бойынша өкілі Аслан Кужиев қатысты. Жиын барысында жаңа Конституциядағы өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, адам құқықтары мен бостандықтары, неке институты, дін мен мемлекет арасындағы қатынас, мемлекеттік тілдің мәртебесі, бір палаталы Парламенттің қызметі, Халық кеңесінің құрамы және вице-президент қызметін енгізу мәселелері талқыланды. «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова аталған өзгерістердің қоғам дамуы үшін маңызын атап өтті. -Қазіргі таңда елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар қарсаңында түрлі мүдделі топтармен, қоғам өкілдерімен кездесулер өткізу жұмыстарын ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерімен бірлесе жүргізіп келеміз. Бүгін біз мәдениет саласының ардагерлерімен, осы салада еңбек еткен зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, жаңа Конституцияны талқылап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Қоғам болған соң әртүрлі пікірдің болуы заңды. Әрбір айтылған ой - маңызды. Қазіргі Конституция жобасында мәдениетке, өнерге және тарихқа ерекше мән беріліп отыр. Себебі еліміздің өркендеуі мен дамуы ең алдымен жас ұрпақтың өз тарихын білуімен, мәдениет пен өнерге деген құрметімен тікелей байланысты. Осы тұрғыда мәдениет пен өнер саласының ардагерлері мен қызметкерлері өз ұсыныстарын ортаға салуы аса маңызды. Егер комиссия тобы ұйымдастыратын жиындарға қарапайым азаматтар қатыса алмаса, олар e-Өтініш жүйесі немесе eGov порталы арқылы өз ұсыныс-пікірлерін жолдай алады. Бұл ұсыныстар ресми түрде қабылданып, тиісті тәртіппен қаралатын болады, - деді Жақсыгүл Маханбетова.