Маңғыстауда студенттерге жаңа Конституция жобасы түсіндірілді

Маңғыстауда студенттерге жаңа Конституция жобасы түсіндірілді
Маңғыстауда студенттерге жаңа Конституция жобасы түсіндірілді

Маңғыстау облысында студенттерге арналған ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістерді құқықтық талдау және талқылау мақсатында ақпараттық-түсіндіру жиыны ұйымдастырылды. Іс-шара Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде құқық және халықаралық қатынастар факультетінің ұйымдастыруымен өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Кездесуге құқық және халықаралық қатынастар факультетінің деканы Дина Бұғыбай, құқықтану кафедрасының профессорлары Серікқали Әлібеков, Ренат Шайхаденов және Бағдат Әуешова, сондай-ақ студенттер қатысты.

Жиын барысында жаңа Конституция жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, бір палаталы Парламенттің құрылымы, Халық кеңесі институтын қалыптастыру, Вице-президент қызметін енгізу және оның өкілеттіктері, Миранда ережесін қолдану, адвокаттардың тең мәртебелі құқыққа ие болуы мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп» қағидатының конституциялық жоба аясында көрініс табуы, ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқылы одағы туралы норманың енгізілуі, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері кеңінен түсіндірілді.

-Студенттерге және профессорлық-оқытушылар құрамына Конституция жобасын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы мақсатта дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда. Түсіндіру барысында Конституция жобасындағы демократиялық-құқықтық мемлекет бағытындағы нақты нормалар сараланып, сараптамалық жұмыстар жүргізілуде. Жастар - біздің болашағымыз. Сондықтан жастардың өз көзқарасын қалыптастыруы, құқықтық нигилизмге жол бермеуі маңызды. Сонымен қатар, мемлекетімізде енгізіліп жатқан жаңа форматтағы нормалардың заң ретіндегі маңызын түсіндіру бағытында жұмыстар атқарылуда, - деді Бағдат Әуешова.

Жиын қорытындысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, спикерлермен ашық пікір алмасты.