
Облыс әкімдігінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды
3 ақпан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен аппараттық жиналыс өтті. Кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының өзекті мәселелері талқыланды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілеген Едігеев 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде оң өсім қалыптасқанын атап өтті. Өнеркәсіп, өңдеу саласы, инвестиция, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру және сауда көлемі бойынша өсім тіркелген. Сонымен қатар 2026 жылға арналған негізгі көрсеткіштердің жоспары таныстырылды. Өнеркәсіп саласында 2025 жылы оң динамика қалыптасып, өндіріс көлемі тұрақты өсім көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, химия, металлургия, құрылыс материалдары, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларында бірқатар жаңа жобалар іске асырылып, қолданыстағы кәсіпорындардың қуатын арттыру көзделгені айтылды. Өңірдегі кәсіпорындардың жүктемесін арттыру, отандық өндірушілерді қолдау және инвестиция тарту мәселелері де талқыланды. Құрылыс саласы бойынша соңғы жылдары өңірде тұрақты өсім байқалып, бірқатар ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Ақтау теңіз портындағы контейнерлік хаб пен теңіз түбін тереңдету жобалары, Кендірлі әуежайының құрылысы, теміржол вокзалдарын жаңғырту және өзге де нысандар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, 2026 жылы 860 мың шаршы метрге жуық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласында да 2025 жылы оң динамика қалыптасып, өндірілген өнім көлемі 44,1 млрд теңгені құрады. Өңір бойынша мал басы 554 мыңнан асты. Ет өндірісі көлемі де артып, барлық түрі бойынша 21,4 мың тоннадан астам өнім өндірілді. Мемлекеттік қолдау аясында субсидиялау, «Ауыл Аманаты» және инвестициялық жобалар арқылы салада бірқатар бастамалар іске асырылуда. Сонымен қатар 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде мал шаруашылығын дамыту, өнімділікті арттыру және шаруашылықтарды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасатыны айтылды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауапты басқармалар мен әкімдіктерге әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету, инвестиция тарту және салаларды дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі