
Маңғыстауда Мемлекет басшысының құрылтайда берген тапсырмалары талқыланды
27 қаңтар күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен аппараттық жиналыс өтті. Кеңесте Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың 5-отырысында берген тапсырмаларын іске асыру барысы қаралды. Жиын барысында Ұлттық құрылтай жұмысына тікелей қатысқан Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Уайс Ерсайынұлы құрылтайда көтерілген негізгі мәселелер мен Президент тапсырмаларының мазмұны туралы баяндады. Сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы жоспарлар мен міндеттер жөнінде облыстың цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Құдайберген Алмағамбетов баяндама жасады. Оның айтуынша, өңірде 2026-2028 жылдарға арналған цифрлық трансформация картасы мен 2026-2030 жылдарға арналған «Ақылды қалаларды дамыту стратегиясы» бекітілген. Аталған құжаттар білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық қауіпсіздік және өзге де салаларда цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуге бағытталған. Басқарма басшысының мәліметінше, қоғамдық қауіпсіздік саласында ауқымды бейнемониторинг жүйесі қалыптастырылған. Облыс аумағында 58 мыңнан астам бейнекамера орнатылған, оның 36 мыңы полицияның жедел басқару орталығына қосылған. Мектептердегі камералар полиция департаментінің Жедел басқару орталығына 100% шығарылған. Жасанды интеллект негізіндегі видеоаналитика енгізілуде және Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне интеграция жүргізілуі басталды. Өңір басшысы цифрлық технологияларды енгізудің заман талабы екенін атап өтіп, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізудің маңыздылығына тоқталды. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Президент бұл бағытты дамыту бойынша нақты тапсырмалар беріп отыр. Осыған байланысты біз цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кезең-кезеңімен енгізуіміз керек. Әр салада цифрлық шешімдер қолданылып, бұл жүйелердің тиімді жұмыс істеуі қамтамасыз етілуге тиіс. Сонымен қатар осы бағытта жұмыс істейтін білікті мамандарды даярлау мәселесіне ерекше назар аударуымыз қажет, – деді Нұрдәулет Қилыбай. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы 2026 жылға арналған жоспарлар мен міндеттер туралы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов айтып берді. Ол өңірде көгалдандыруды күшейту, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асырылатынын атап өтті. Экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасына сәйкес облыс бойынша 2029 жылға дейінгі өңірлік іс-қимыл жоспары бекітіліп, 43 іс-шара көзделген. Қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету шаралары жөнінде Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрсейт Оразов баяндама жасап, өңірдегі құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бейнемониторинг жүйелерін кеңейту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Статистикалық мәлімет бойынша облыста 2025 жылдың 12 айында тіркелген қылмыстық бұзушылықтар саны 14,0%-ға төмендеген. Сондай-ақ былтыр 12 айда автоматты түрде жұмыс істейтін арнайы техникалық «Кибер-шериф» құралымен облыс бойынша 20 мың 212 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, айыппұл салынды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі