
Маңғыстауда жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді
Маңғыстау облысында жылыту маусымында өрт қаупінің алдын алу бағытындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Өрттің алдын алу мақсатында «Өрт қауіпсіздігінің бірыңғай күні», «Өрттен сақтан», «Қауіпсіз қазандық» тақырыптарында профилактикалық акциялар ұйымдастырылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Теңел Арман мәлімдеді. Спикердің айтуынша, өрттердің негізгі себептері – жылыту қазандықтары мен құралдарын талапқа сай пайдаланбау және электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі. -Қауіпсіздікті арттыру үшін «QazaqGaz Aimaq» АҚ және «РЦКУ-Ақтау» ЖШС тарапынан газ жабдықтарына тегін техникалық қызмет көрсетілуде. Сондай-ақ пилоттық жоба аясында атаулы әлеуметтік көмек алушылар eGov Mobile қосымшасы арқылы газға ай сайынғы жеңілдікті рәсімдей алады. Әкімдіктермен бірлескен жоспар аясында әлеуметтік осал топтағы 2 146 тұрғын үй есепке алынып, барлығында 100 пайыз өртке қарсы нұсқаулық өткізілді. Сонымен қатар, 19 мыңнан астам аула араланып, 61 мыңнан астам тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 2025 жылдың 1 маусымынан бастап әлеуметтік осал топтағы тұрғын үйлерге 481 газ талдағыш датчик орнатылды, - деді Теңел Арман.