
Сенат депутаттары Мұнайлыда маңызды әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты
Мұнайлы ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сапар аясында сенаторлар аудан әкімдігі ғимаратында Мұнайлы аудандық мәслихат депутаттарымен, Қоғамдық кеңес мүшелерімен және кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында Сенат депутаттары Парламент Сенатының негізгі функциялары, заң шығару қызметі, сондай-ақ қабылданған заңдардың өңірлерде жүзеге асырылу барысы жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Жиын сұрақ-жауап форматында өтіп, кәсіпкерлер өздерінің өзекті мәселелері мен ұсыныстарын ортаға салды. Өз кезегінде сенаторлар көтерілген ұсыныстардың назарға алынатынын және оларды заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы шешу жолдары қарастырылатынын атап өтті. Сонымен қатар, депутаттар Батыр ауылдық округінде орналасқан ірі қара мал бордақылау бағытындағы екі кооператив — «Аян» және «Асылтас» алаңдарының жұмысымен танысты. Бұдан бөлек, құрылысы аяқталған ветеринариялық пункт нысанын және кітапханасы бар 200 орындық клубтың құрылыс барысын көрді.