
Ақтаулық НЗМ түлегі Оксфорд университетінің оқытушылар құрамына енді
Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Меруерт Бижанова ғылым жолындағы кезекті үлкен жетістікке жетті. Ол әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі - Оксфорд университетіне Teaching Fellow (оқытушы-зерттеуші) қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Меруерт 2019 жылы НИШ-ті тәмамдап, кейін АҚШ-тағы Пенсильвания университетінде білім алды. Сол жерде студенттік қауымдастықта белсенді болып, студенттік ассамблеяның президенті қызметін атқарған. Ал 2025 жылы Оксфорд университетінің докторантурасына қабылданған болатын. Жас ғалымның айтуынша, Teaching Fellow лауазымына тағайындалуы - оның жүйелі еңбегінің жоғары бағалануы әрі университет тарапынан көрсетілген сенімнің көрінісі. Енді ол өз ғылыми зерттеулерін жалғастырып қана қоймай, Оксфорд университетінің оқытушылар құрамында дәріс оқып, білім мен ғылым саласындағы тәжірибесін жастарға ұсынады.