
Сенат депутаттары Маңғыстаудағы су инфрақұрылымын дамыту жобаларымен танысты
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров Маңғыстауға іссапары аясында өңірдегі су инфрақұрылымын дамыту жобаларының жай-күйімен танысты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Сапар барысында сенаторлар алдымен «МАЭК» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Қазіргі таңда энергия кешенінде бірқатар технологиялық және тарифтік мәселелер қарастырылып жатыр. №1 жылу электр орталығы маңында су көлемінің келуін арттыру мақсатында теңіз түбін ұңғылау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, №2 жылу электр орталығына келетін канал мәселесі келесі жылға арналған бюджет есебінен қаражат қарастырылып, бүгінде тиісті тендер өткізіліп, жұмыстар басталған. Одан кейін депутаттар «Каспий» су тұщыту зауытының қызметімен және алдағы даму жоспарларымен танысты. Жоспарға сәйкес, зауыттың қуаты тәулігіне 40 мың текше метрге дейін ұлғайтылып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Алдағы уақытта ауыз сумен қамтамасыз ету көлемін 100 мың текше метрге дейін жеткізу көзделіп отыр. Аталған бағытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ, сенаторлар Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен құрылған Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының басшылығымен кездесті. Кездесу барысында институттың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері талқыланып, Каспий теңізінің су деңгейін бақылау бойынша алдағы жоспарлар таныстырылды. Жұмыс сапары өңірдегі инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды сапалы энергия мен ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелерді талқылаумен қорытындыланды.