
Нұрдәулет Қилыбай ҚХА мүшелері арасындағы жұмысшы мамандармен кездесті
26 желтоқсан күні аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамындағы жұмысшы мамандармен кездесті. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ақсақалдар, медиаторлар, жастар, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуде облыстық ақсақалдар кеңесінің Ақтау қаласы бойынша төрағасы Қуанышбек Әбдірахман, «Булгар» татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Фандаль Сахабгареев және «Ала-Тоо» қырғыз этномәдени бірлестігінің мүшесі Курбанали Газибеков сөз сөйлеп, еңбек адамдарының қоғамдағы рөліне тоқталды. Сонымен қатар олар этномәдени бірлестіктер тарапынан «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтып, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы еңбек адамдарына көрсетілген құрмет екенін атап өтті. – Экономиканың барлық саласында нақты нәтиже көрсетіп отырған – жұмысшы мамандық иелері. Өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы – барлығы да адал еңбекке сүйенеді. Білікті жұмысшы – ел дамуының басты тірегі. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы біз қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын нығайтамыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай. Кездесу барысында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастарды еңбекке баулу және жұмысшы кадрларды қолдау мәселелері талқыланды. Жиын соңында қатысушылар ұсыныс-пікірлерін білдірді. Айта кетейік, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Маңғыстау облысында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, «WorldSkills Aktau 2025» чемпионаты мен «DostiSkills 2025» халықаралық чемпионаты өтті. Сондай-ақ әлемде алғаш рет «TurkicSkills 2025» халықаралық чемпионаты Маңғыстауда өткізілді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі