Маңғыстауда Президент шыршасы өтті

Маңғыстауда Президент шыршасы өтті

Маңғыстауда Президент шыршасы өтті

Бүгін, 25 желтоқсан күні Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ұйымдастырылған «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» атты дәстүрлі Жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. Салтанатты іс-шараға 250 бала қатысты. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта және қоғамдық өмірде жетістікке жеткен дарынды балалар бар. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, Мемлекет басшысының атынан балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. – Сіздер – еліміздің ертеңісіздер. Елін сүйетін, білімге құштар, саналы ұрпақ болып қалыптасу – басты міндеттеріңіз. Мемлекет басшысы әрдайым балаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Бұл мереке – соның айқын дәлелі. Жаңа жыл баршаңызға бақыт, денсаулық, бейбіт өмір мен жетістіктер әкелсін, – деді Нұрдәулет Қилыбай. Мереке аясында балаларға арналған театрландырылған қойылымдар мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шараға қатысқан барлық балаға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан арнайы жаңажылдық және қаржылай сыйлықтар табысталды. Бұдан бөлек, мерекелік бағдарлама аясында балалар үшін Әбіш Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне және Қабиболла Сыдиықов атындағы әмбебап кітапханаға экскурсия ұйымдастырылды. Айта кетейік, 4-23 желтоқсан аралығында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткен «Ертегі әлемі» атты Жаңа жылдық карнавалға облыстан 12 дарынды оқушы жіберілді. Ал 24 желтоқсан күні Астана қаласында өткен «Жаңа жыл Республика төрінде» атты республикалық шыршаға Маңғыстау облысынан әлеуметтік қолдау санатындағы балалар қатысты.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі