
Бейнеу ауданында «Құрылысшы» шағын архитектуралық мүсіні ашылды
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай және Бейнеу аудандық құрылыс бөлімінің құрылғанына 20 жыл толуына орай «Құрылысшы» шағын архитектуралық мүсінінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ашылу рәсіміне аудан әкімі Рақымжан Шалбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ардақ Бораш, аппарат басшысы, бөлім басшылары, құрылыс саласының ардагерлері, демеушілер, мекеме және кәсіпорын басшылары қатысты. Аудан әкімі құттықтау сөзінде мүсіннің құрылыс саласының қызметкерлерінің еңбегін дәріптеуге, олардың қоғамдағы орны мен рөлін көрсетуге арналғанын атап өтті. Сонымен қатар, ардагер құрылысшылар Рәббім Борашов және Құлбек Медетов өз тәжірибелерімен бөлісіп, саладағы қиыншылықтар мен табыстар туралы айтып, жас мамандарға үлгі көрсетті. Бейнеу аудандық құрылыс бөлімі 2005 жылдан бері дербес мемлекеттік мекеме ретінде жұмыс істеп, аудан аумағында тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың, жолдардың және инженерлік желілердің салынуына зор үлес қосып келеді. Сала мамандарының табанды еңбегінің арқасында Бейнеу ауданында инфрақұрылымдық жүйелер жаңарып, тұрғындардың тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарды. Құрылыстың сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінгені аудан тұрғындары тарапынан жоғары бағаланады. «Құрылысшы» мүсіні – еңбек адамын, құрылысшылардың маңдай терін, ел игілігі үшін жасаған еңбегін құрметтеу символы болып табылады. Мүсінге демеушілік көрсеткен «Альянс ЛТД» ЖШС, «ГУКС Ақтау» ЖШС және Бейнеу тумасы, қазіргі таңда Астанада қызмет атқарып жүрген мүсінші Салаев Болатбек Еркебайұлына аудан тұрғындары атынан алғыс білдірді. Мүсіннің орнатылуы еңбекке, ынтымаққа және құрылысшы мамандардың қоғамдағы рөліне құрмет көрсету мақсатында жүзеге асырылды. Салтанатты шара барысында барлық қатысушылар жаңа мүсіннің алдында батыл еңбек ететін әрбір құрылысшының еңбегін еске алып, оларға құрмет көрсетті.