Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзендегі әлеуметтік нысандарды аралады

Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзендегі әлеуметтік нысандарды аралады

Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзендегі әлеуметтік нысандарды аралады

11 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Аймақ басшысы алдымен «Bolashaq Saraiy» оқушылар сарайының құрылыс қарқынымен танысып, кейін көпфункционалды «Мұз айдыны» спорт кешенінің жұмысын көрді. «Bolashaq Saraiy» оқушылар сарайы қосымша білім беру, шығармашылық, IT, ғылыми-техникалық және мәдени бағыттағы 350 балаға арналған көпсалалы орталық ретінде жүзеге асырылуда. Екі қабатты заманауи ғимаратта ғылым мен шығармашылыққа арналған зертханалар мен кабинеттер, өнер және ІТ сыныптары, телестудия, түрлі шеберханалар, «Жас құтқарушы» кабинеті, акт залы және балаларға арналған коворкинг аймағы қарастырылған. Оқушылар сарайы толық пайдалануға берілгенде 50-ге жуық қызметкер жұмыс істейтін болады. Нысан балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, шығармашылық қабілетін дамытуға және жаңа білім алуға мүмкіндік береді. Өңір басшысы құрылыс қарқынымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын ерекше назарға алды. Ол жауапты мердігерлерге нысандарды белгіленген мерзімде толық аяқтап, халық игілігіне пайдалануға беруді тапсырды. Сонымен қатар облыс әкімі «Мұз айдыны» спорт кешенінің жұмысымен танысты. Жылдың басында Жаңаөзенде алғаш рет ангар типіндегі көпфункционалды мұз айдыны ашылып, өңірде қысқы спортты дамытуға жаңа серпін берілді. Нысан балалар мен жасөспірімдерге арналған қысқы спорт түрлерінен мамандандырылған мектеп ретінде жұмыс істейді. Кешеннің құрылысы 2023-2024 жылдары жүргізіліп, жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынған. Мұз алаңының аумағы – 960 шаршы метр, бір мезетте 500 адамды қабылдауға мүмкіндік береді. Спорт кешенінде киім ауыстыру бөлмелері, медициналық кабинет, жаттықтырушылар бөлмесі және спортшыларға арналған жаттығу алаңы бар. Сондай-ақ кешенде хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және керлинг сияқты олимпиадалық спорт түрлерінен үйірмелер жұмыс істейді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі