
Ақтаудағы «Келешек мектебі» озық үлгідегі технологиялармен жұмыс істеп келеді
Ақтауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында биылғы оқу жылында пайдалануға берілген №34 мектебі цифрлық құрылғылармен жұмыс істеп келеді. Журналистер баспасөз мәжілісі аясында жаңа мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. 1500 оқушыға арналған заманауи білім ордасы 14 мың шаршы метрден астам аумақты қамтиды. Мектепте 69 пән кабинеті бар. Олардың қатарында STEM, робототехника, дизайн және технология, музыка, тамақтану мәдениеті бағытындағы сыныптар орналасқан. Озық үлгідегі цифрлық құрылғылармен жабдықталған кабинеттер оқушылардың жан-жақты қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Білім беру мекемесі 300 орындық киностудия-акт залымен, төрт спортзалмен (екеуі бастауыш сыныптарға арналған), 192 орындық асханамен, кітапханамен толық жабдықталған. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін инклюзивті білім беру қолдау кабинеті мен сенсорлық бөлмелер қарастырылған. Балалардың қауіпсіз, еркін қозғалуына арналған арнайы жеделсаты да орнатылған. Педагог-психолог Жанар Көшкінбаева сенсорлық бөлменің маңыздылығын атап өтті. -Бұл кабинет ерекше білім беруді қажет ететін балаларға ғана емес, гипербелсенді немесе зейін тапшылығы бар оқушылармен де жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Құм терапиясы, батуттар, туннельдер секілді жабдықтар баланың сенсорлық моторикасын, зейінін дамытуға үлкен әсер етеді. Барлық қауіпсіздік талаптары сақталған, - деді ол. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектеп бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Аумақ ішінде балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынған. Мектеп директоры Рысжан Кемелханова жаңа білім ордасының мүмкіндіктерін атап өтті. -Қазіргі таңда мектепте 1000-ға жуық оқушы білім алып жатыр. STEM және робототехника кабинеттері, қыздарға арналған тігін және ас үй сыныптары, ер балаларға арналған шеберханалар жұмыс істейді. Әр кабинет интерактивті тақтамен жабдықталған. Бұл оқу үдерісін жеңілдетіп, сабақтың тиімділігін арттырады, - деді ол. Айта кетейік, Маңғыстау облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында бұған дейін 8 400 орындық 10 мектеп ашылған болатын. Желтоқсан айында Ақтау және Жаңаөзен қалаларында тағы екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі.