
Ақтауда іскер әйелдердің өңірлік форумы өтті
Ақтауда Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының 30 жылдығына арналған «Mangystau Women Forum 2025» форумы өтті. Форумды Маңғыстау облысы Іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Форумның мақсаты – әйелдердің кәсіпкерлік ортадағы рөлі мен өңір дамуына қосып келе жатқан үлесін айқындау. Іс-шараға кәсіпкер әйелдер, бизнес-тренерлер, сала мамандары және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Форумда мәдени композициялар мен қауымдастықтың 30 жылдық жолын қамтыған арнайы бейнеролик көрсетіліп, қатысушыларға ұйымның қалыптасу тарихы мен негізгі жетістіктері таныстырылды. Іс-шара барысында кәсіпкерлік, көшбасшылық, білім, экология, өңір экономикасы және инновациялар салаларындағы өзекті тенденциялар талқыланды. Спикерлер кәсіп ашу тәжірибесі, бизнесті тұрақты жүргізу, жаңа нарықтарға бейімделу және әйелдердің қоғамдық бастамаларға қатысуының маңыздылығы жөнінде пікір білдірді. Сонымен қатар қатысушылар үшін практикалық бөлім ұсынылды. Мастер-класстарда бизнес үдерістерін тиімді басқару, серіктестік орнату мүмкіндіктері, цифрлық сервистерді қолдану және жасанды интеллектті кәсіпте пайдалану тәсілдері көрсетілді.