Отпан тауда саятшылық дәстүрін дәріптеген этнографиялық іс-шара өтті

Отпан тауда саятшылық дәстүрін дәріптеген этнографиялық іс-шара өтті

Отпан тауда саятшылық дәстүрін дәріптеген этнографиялық іс-шара өтті

Маңғыстауда өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Отпан таудың баурайында құсбегі Ертіс Есжановтың құрметіне арналған «Салбурын - 2025» этнографиялық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Ертіс Есжанов - өңірдегі саятшылық өнердің дамуына үлкен үлес қосқан тұлға, суретші. Аталған іс-шара 2013 жылдан бері басқармаға қарасты «Отпан» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ұйымдастыруымен өткізіліп келеді. Саятшылық сайысында Отпан таудың баурайында 16 құсбегі сынға түсті. Сайыс басталмай тұрып ауыл ақсақалы қатысушыларға батасын берді. Сайысты ұйымдастырушы кәсіпорынның бөлім меңгерушісі Жомарт Айдарбектің айтуынша, этнографиялық іс-шара салт-дәстүрмен сабақтаса ұйымдастырылып отыр. -Құсбегіліктің өзі о баста ауылды, елді асырау үшін кәсіп ретінде басталған. Бір рулы елді бір бүркіт асыраған деген аңыз бар. Кейін оны сал-серілер жалғастырып бұл өнерге айналған. Бүгінде саятшылық дәстүрі біздің өңірде біртіндеп дамып келе жатыр. Саятшылық сайыс салт-дәстүрмен сабақтасып жатыр. Атап айтқанда, алғаш түскен аңды ауыл ақсақалының болмаса батагөй қарияның қанжығасына байлайды. Содан кейін томаға тарту деген дәстүр бар. Жаңадан құсбегілікті меңгеріп жүрген жастарға томаға беріледі. Мақсат - мылтықсыз аңшылықты насихаттау, дамыту, - деді Жомарт Айдарбек. Іс-шараға қатысушылардың бірі Ақтөбе қаласынан келген құсбегі Мейірбек Шәкенов саятышылықтың бекзат өнер екенін жеткізді. -Құсымның аты - Балапан. Сайысқа алғаш рет қатысып отыр. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. «Тасын түртсең ,тарихы сөйлейтін» маңғаз өлке Маңғыстауда құс ұшыру мен үшін үлкен мәртебе. Қазақтың рухымен үндес саятшылық өнер дами берсін, - деді Мейірбек Шәкенов. Сайыс қорытындысына сәйкес қаршығашылар арасында І орынға Мерей Асылжан, ІІ орынға Ержан Сахарбай, ІІІ орынға Алсейт Жардем ие болды. Ал қыран құспен аң аулау арасында І орынды Жаңабай Кемелханов, ІІ орынды Елдос Аязбайев, ІІІ орынды Мейірбек Шәкенов иеленді. Барлық басқа қатысушыларға алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табысталды.