
Маңғыстауда өткен «Табысты мектеп» жобасының жеңімпаздары алғыс білдірді
Маңғыстауда облыс әкімінің бастамасымен «Табысты мектеп» жобасы ұйымдастырылған болатын. Жоба қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақтау қаласындағы мамандандырылған IT лицейі иеленді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Жеңімпаз мектепке жаңа автокөлік пен директордан бастап кіші қызметкерге дейінгі барлық ұжым мүшелеріне үш айлық көлемінде қаржылай сыйақы табысталды. Екінші орынды Мұнайлы ауданындағы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 мектеп иеленіп, ұжым мүшелері екі айлық еңбекақы мөлшерінде сыйақыға ие болды. Ал үшінші орынға Жаңаөзен қаласындағы №5 мектеп-гимназиясы лайық деп танылып, қызметкерлерге бір айлық еңбекақы көлемінде қаржылай сыйақы берілді. Жеңімпаз білім беру ұйымдарының өкілдері осындай ынталандыру жобасын ұйымдастырған облыс әкімдігі мен білім басқармасына ризашылықтарын білдірді. -Биыл Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Табысты мектеп» жобасы өткізілді. Осы жоба аясында біздің мамандандырылған IT лицей орта білім беретін үздік ұйым атанды. Нәтижесінде мектепке қызметтік көлік пен үш айлық қаржылай сыйақы берілді. Бұл - ұжым еңбегінің, ұстаздар кәсібилігі мен оқушылар табандылығының нәтижесі. Сондай-ақ білім саласына үлкен қолдау көрсеткен Нұрдәулет Игілікұлы мен білім басқармасына алғыс айтамыз. Осындай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз, - деді лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ұлжан Каукаева.