
Мәслихат сессиясында Маңғыстаудың даму бағыттары талқыланды
Бүгін, 13 қараша күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен 8-ші сайланған облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXIII сессиясы өтті. Жиында 2025 жылға арналған облыстық бюджет нақтыланып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма және департамент басшылары, қала және аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен мәслихат депутаттары қатысты. Бюджетті нақтылау жобасы жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілеген Едігеев баяндама жасады. Оның айтуынша, нақтылау кезінде әлеуметтік саланы қолдауға және өңірлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру бағыттарын қаржыландыру күшейтілді. Бұл қаражат мектептер мен балабақшалардың қажеттіліктерін өтеуге, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға және халықты әлеуметтік қолдауға жұмсалады. Сонымен қатар өңірдің дамуына тікелей әсер ететін бірқатар инфрақұрылымдық жобаларға қаражат бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде Бейнеу, Қарақия және Түпқараған аудандарындағы газ және ауыз су жүйелерін дамыту, жол инфрақұрылымын жақсарту, сондай-ақ мектеп құрылыстарын аяқтау көзделген. Сессия қорытындысы бойынша облыстың нақтыланған бюджеті өңірдің тұрақты дамуына, әлеуметтік нысандарды қолдауға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталатыны атап өтілді. Жиын соңында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай депутаттарға ортақ мақсат жолындағы қолдауы мен тиімді жұмысы үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да өңірдің дамуы үшін бірлескен жұмысты жалғастыру қажет екенін айтты. – Облыстық бюджетті нақтылау – өңірдің дамуына серпін беретін маңызды іс. Бұл жұмысқа атсалысқан баршаңызға алғыс айтамын. Біздің мақсат – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және Маңғыстаудың мүмкіндігін арттыру. Осы бағыттағы бірлескен жұмысты алда да жалғастырамыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі