
Маңғыстауда «Көшбасшылар керуені» жобасының марапаттау рәсімі өтті
Ақтауда қоғамдық кеңес мүшелері мен азаматтық сектор өкілдеріне арналған «Көшбасшылар керуені» атты оқыту тренингінің марапаттау рәсімі өтті. Жоба өңірлік ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. «Көшбасшылар керуені» жобасында 50 қатысушыға бес модуль бойынша қаржылық сауаттылық, құқықтық сауаттылық, коммуникация дағдылары және ораторлық шеберлік, жеке бренд қалыптастыру сияқты оқыту бағдарламасы ұйымдастырылды. Әр модуль бойынша еліміздің әр өңірінен эксперттер сабақ жүргізді. Бес күндік тренинг нәтижесінде 50 қатысушы сертификатпен марапатталды. Сонымен қатар, топ ішінде үздік шыққан 15 қатысушы Астана қаласына тәжірибе алмасу есебінде іссапарға бармақ. -Жоба Маңғыстау облысында алғашқы рет ұйымдастырылды. Оқытуда облыстық және аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, азаматтық белсенділер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында бес модульдік оқыту бағдарламасынан өтті. Қатысушылар бір-бірімен пікір алмасты. Оқыту курсы жоғары деңгейде өтті деген ойдамын, - деді «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жібек Ахметова.