
Ақтаулық студент Президентпен кездесті
Ақтаулық студент Аружан Ермұхан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Қазақстан-академиялық білім беру аумағы» халықаралық стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Форум Мемлекет басшысының бастамасы бойынша жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен Қазақстанда ашылған 33 шетелдік университет филиалдарының өкілдерін біріктіретін алаңға айналды. - Мен үшін халықаралық форумда әрі Мемлекет басшысының алдында өз университетімнің атынан сөз сөйлеу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Еліміздің білім беру жүйесінің дамуына серпін беретін жоғары деңгейдегі жиындарда жастардың тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндік туады. Студен ретінде зертеушілерінің пікіріне құлақ түріп, мол мағлұматқа қанықтым. Бұл күн менің ой-санама тың серпін және үлкен мотивация берді. Енді алдағы уақытта жаңа көзқараспен, қызықты идеялармен танымды жобаларды жүзеге асыруға дайынмын. Осындай үлкен мүмкіндіктер үшін Қозыбаев университетінің басшылығына, оқытушыларға үлкен алғысымды айтамын, -дейді Аружан Ермұхан. Аружан Ермұхан Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Аризона университетімен бірлескен қос дипломдық бағдарламасына оқуға түскен. Қазіргі уақытта ол «Басқарудағы ақпараттық жүйелер» мамандығын оқып жатыр. Университеттің қоғамдық және мәдени өміріне белсене қатысып, жақсы академиялық нәтижелер көрсетіп келеді. Бір қуантарлығы ол қос дипломды оқу бағдарламасы аясында Қазақстан мен Америка елдерінің дипломына қол жеткізеді.