Ақтауда психикалық және сөйлеу тілі дамуы тежелген, аутизм, РАС, Даун синдромы, церебралды сал ауруы (ДЦП), сенсо-моторлы алалия және басқа да ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау мақсатында «Мама деші?!...» атты заманауи коррекциялық орталық ашылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оның негізін қалаушы – облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы ұсынған мемлекеттік гранттың жеңімпазы, әлеуметтік кәсіпкер Сандуғаш Шортанова. Ол 5 миллион теңге көлеміндегі грантты жеңіп, орталықты толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, ерекше балаларға арналған арнайы көмек көрсету кеңістігін құрды.
Сандуғаш Шортанова бұл жерді ашу идеясын 2021 жылы қолға алған. Бастапқыда ол өзінің ерекше баласы туралы баяндап, ата-аналарға арналған тәжірибелік кеңестер мен мотивациялық ойлар жазылған еліміздегі алғашқы «Мама деші?!...» атты кітабын жарыққа шығарды.
Бұл орталықтың маңызы ерекше. Ресми ашылғанымызға небәрі 20 күн болса да, нәтижелеріміз көңіл қуантады. Қазақта «Шегені қақса да, ұста қақсын» деген сөз бар. Сол секілді біз де өз ісінің шебері саналатын білікті мамандарды арнайы Астанадан алдырттық. Әсіресе Маңғыстау өңірінде бұрын-соңды болмаған эрготерапевт маманын алып келу ерекше жетістік деп білемін. Әр баланың бойындағы оң өзгерістерді көрген сайын шабыттанып, үздіксіз нәтижелі жұмыс жасауға әрі қарай ұмтыламын, – дейді орталықтың негізін қалаушы Сандуғаш Шортанова.
Бүгінде орталықта жоғары білімді, кәсіби тәжірибесі мол логопед, дефектолог, психолог, эрготерапевт, адаптивті және емдік дене шынықтыру (АФК, ЛФК) мамандары мен СМЕ (сенсомоторлы терапия) маманы жұмыс істейді. Олар психикалық дамуы тежелген, аутизм, Даун синдромы, ДЦП, ЗПР, қоянжырық диагноздары бар балаларды қабылдайды. Қазіргі уақытта мұнда күніне тұрақты түрде 60 бала келіп, ем алады.