Маңғыстауда Әзербайжан қоғамдық телеарнасы өңірдің көрікті жерлеріне түсірілім жасады
Маңғыстауда Әзербайжан қоғамдық телеарнасы «Yeməsəm olmaz» жобасына түсірілім жасады. Түсірілім аясында делегация «Jeti» мейрамханасы, өңірдің көрікті жерлері «Көгез» этноауылы, Бекет ата жерасты мешітіне зиярат жасап, Айрақты тауы және Бозжыра шатқалына барды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. Түсірілім тобы алдымен ұлттық нақыштағы «Jeti» мейрамханасында болып, қазақтың дәстүрлі тағам мәдениетімен танысты. Ұлттық ас еттің дайындалу барысын көріп, бас аспазбен сұхбат жүргізді. Сондай ақ, әзербайжандық делегация қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін сезіну мақсатында «Көгез» этноауылына барды. Онда киіз үйлерді аралап, ұлттық дәмдер бауырсақ, құрт, шұбат және балқаймақтың дәмін татты. «Yemәsәm olmaz» жобасының жүргізушісі Азиз Алиев Маңғыстаудағы түсірілімнің ерекшелігіне тоқталды. -Қазақ халқы мен әзербайжандықтарды ең алдымен қонақжайлық біріктіреді. Біз оны барлық жерде сезіндік. Екі елдің тағам мәдениетінде біршама ұқсастық байқалды. Қазақтар асқа жылқы, түйе және қой етін алса, әзірбайжандықтар көбіне қой және сиыр етін пайдаланылады. Маған түсірілімде қасиетті орын – Бекет ата жерасты мешіті ерекше әсер қалдырды. Түсу де, көтерілу де оңай болмады, бірақ бұл рухани тыныштық сыйлаған сапар болды. Сондай ақ, қазақ тағамдарының ішінде алғаш рет қуырдақ дәмін татып көрдім, – деді Азиз Алиев. Айта кетейік, түсірілім барысында шығармашылық топ өңірдің көрікті аймақтары – Айрақты тауы мен Бозжыра шатқалында болды. Түсірілім тобы Бекет ата жерасты мешітінде зиярат жасап, қасиетті орынның тарихымен танысты.